Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері қанша

Qaz365.kz редакциясы

2025 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 2 миллион 510 мың зейнеткер бар.

Pixabay.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі зейнетақы көлемі мен зейнеткерлер санына қатысты жаңа мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2025 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 2 миллион 510 мың зейнеткер бар.

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне жалпы 3 триллион 158,1 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 1 триллион 22,1 миллиард теңге – базалық зейнетақыға, ал 2 триллион 136 миллиард теңге ынтымақты зейнетақыға жұмсалған.

Зейнетақының орташа жиынтық мөлшері 142 810 теңгені құрайды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 249 теңге, базалық зейнетақы – 47 561 теңге.

Министрлік 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы әр азаматқа жеке есептелетінін еске салды. Бұл кезде адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.

Зейнетақы өтіліне 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) аударылған кезеңдер кіреді.

Егер азаматтың жүйеге қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақы тұрақты өмір сүру минимумының 70%-ына тең болады.
Ал әрбір қосымша жыл үшін төлем 2%-ға өседі:

20 жыл еңбек өтілі барларға – тұрақты минимумның 90%-ы,

30 жыл және одан көп еңбек өтілі барларға – максималды 110% мөлшерінде төленеді.

Сондай-ақ министрлік егер бір айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) бірнеше жарна түссе, ол бір айлық еңбек өтілі ретінде есептелетінін атап өтті.

Айта кетейік, зейнетақы төлемдерінің көлемі адамның 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне (кемінде 6 ай болуы тиіс) және зейнетке шыққанға дейінгі орташа айлық табысына байланысты есептеледі.