Жетісуда дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Qaz365.kz редакциясы

Бұл нысан облыс әкімінің тапсырмасымен кадр тапшылығын шешу мақсатында салынған

Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев

Жетісу облысының Көксу ауданында өңірге жұмыс істеуге келген дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған жаңа көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл нысан облыс әкімінің тапсырмасымен кадр тапшылығын шешу мақсатында салынған, деп хабарлайды Qaz365.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында ауданға келген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларымен танысып, жақында пайдалануға берілген 20 пәтерлі жалдамалы үйді аралап көрді.

Балпық би ауылындағы жаңа тұрғын үйдің кілттері жуырда табысталды. Қоныстанушылардың қатарында 15 дәрігер, 4 мұғалім және бір полицей бар. Соңғы үш жылда ауданға 55 дәрігер келген. Оларға барлық жағдай жасалып отыр: 10 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріліп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы қосымша қолдау көрсетілген.

Қоныстанушылар отбасы құрамына қарай бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерге ие болды.

Бейбіт Исабаев жаңа тұрғын үйдің ауданға қажетті мамандарға арналып салынғанын атап өтті.

– Осы үйді салу туралы шешім қабылданған кезде ауданға бір жылдың ішінде 20-ға жуық дәрігер келген еді. Сондықтан дәрігер тапшылығын жою үшін оларға қолайлы жағдай жасау қажет болды. Енді тұрғын үйге мұқтаж дәрігерлер, мұғалімдер мен полиция қызметкерлері осы үйден пәтер алды. Бұл шағын ауданның болашағы зор. Қазір мұнда жеке үйлер салынып жатыр, алдағы уақытта тағы 7–8 көпқабатты үй тұрғызуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар аумақты абаттандыру, көгалдандыру және автоматты суару жүйесін орнату жоспарлануда, – деді өңір басшысы.

Жаңа пәтер иелерінің бірі, Көксу аудандық ауруханасының невропатологы Нұргүл Бухарова туған жеріне оралғанына риза екенін айтты.

– Мен Көксу ауданында туып-өстім. Алматыда оқып, бірнеше жыл дәрігер болып еңбек еттім. Кейін туған жеріме оралдым, бұған еш өкінбеймін. Ең басты мәселе – тұрғын үй мәселесі шешілді. Бұл дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, еңбек етуге ынталандырады, – деді ол.

Сондай-ақ жаңа баспанаға ие болғандардың арасында Көксу аудандық полиция бөлімінің инспекторы Еламан Дәулетов пен оның отбасы бар.

– Менің қызметім тұрғын үй жалдау ақысына өтемақы төленетін тізімге кірмейді, сондықтан пәтерді өз қаражатыммен жалдап келдім. Жұбайым – мектеп-гимназияда мұғалім. Үш баламыз бар. Мемлекеттің осындай қамқорлығы – біз үшін үлкен қуаныш, – деді ол.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мөлдір Жеңіс те қуанышын жасыра алмады.

– 2018 жылдан бері Көксу ауданындағы №1 орта мектепте жұмыс істеймін. Бұрын Талдықорғанда тұрдым, кейін ауыл мектебінде еңбек етуді жөн көрдім. Өзім көп балалы анамын. Енді отбасымыздың өз баспанасы болғанына бәріміз қуандық, – деді педагог.

Мердігер компания «Жаркент Алғыр» ЖШС өкілі Жалғас Алтынбековтің айтуынша, тұрғын үйдің құрылысы биыл сәуір айында басталған.

– Үймен бірге инженерлік желілер тартылып, аумағы абаттандырылды. Ғимаратта 10 үш бөлмелі, 5 екі бөлмелі және 5 бір бөлмелі пәтер бар, – деді ол.

2022–2024 жылдары Көксу ауданында 175 үй пайдалануға берілген. Ал биыл тағы 110 отбасы қоныс тойын тойлады. Соның нәтижесінде тұрғын үй кезегі 5,8 пайызға қысқарады деп күтілуде.

Айта кетейік, 2024 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үйге кезекке қою және баспана беру функциялары жергілікті әкімдіктерден «Отбасы банкке» берілген.