Ақтөбеде ауқымды үш ірі жобаның құрылысы басталды

Qaz365.kz редакциясы

Үшеуі де ел Президентінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда

Видеодан кадр

Ақтөбеде ауқымды үш ірі жоба – драма театр, стадион және спорт кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үшеуі де ел Президентінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Аталған нысандар облыс орталығындағы Алтын Орда ықшам ауданында орналасатын «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының құрамына енеді. Бұл орталық қаланың сәулеттік келбетіне көрік беріп қана қоймай, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орынға айналмақ.

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровты қала әкімі Азамат Бекет өңірдегі ірі нысандардың бірі – заманауи «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының құрылыс жобасымен таныстырды. Азамат Бекеттің айтуынша, орталықтың жалпы аумағы 165,8 гектарды құрайды және ол өңірдің мәдени, спорттық және қоғамдық өмірін жан-жақты дамытуға бағытталған.

«Орталық құрамында 700 орындық облыстық драма театры, 34 980 көрерменге арналған стадион, 5 000 орындық көпфункционалды спорт кешені, сондай-ақ қонақүйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, білім беру мекемелері мен Қазақстан картасының пішінін бейнелейтін «Алтын орда» саябағы салынбақ», – деді Азамат Бекет.

Барлық нысан өзара үйлесімді түрде біріктіріледі. Орталық айналасында демалыс пен серуендеуге арналған абаттандырылған аймақтар жасалып, шағын аудан тұрғындары үшін қолайлы және тартымды орта қалыптасады.

«Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығы туристік кластер ретінде қарастырылып отыр, мұнда барлық әлеуметтік нысан орналастырылады. 59 гектар аумақта саябақ салынып, демалысқа барлық жағдай жасалады. Бизнеске арналған қонақүйлер, сауда үйлері және басқа да коммерциялық нысандар үшін жер телімдері арнайы комиссия арқылы бөлінеді, бұл аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жер телімінің аумағы мен орналасуы біз үшін өте тиімді. Егер нысандар қаладан тыс салынса, логистика мен шығын жағынан қиындықтар туар еді. Ал қазіргі таңда құрылыс жүріп жатқан жер – қаланың дәл ортасында, қарқынды дамып келе жатқан «Алтын орда» шағын ауданында орналасқан. Бұл өте ыңғайлы, себебі барлық қажетті инфрақұрылым бар және бұл орын стадион салуға да, оның айналасында бизнесті дамытуға да қолайлы. Жалпы аумақ шамамен 180 гектарды құрайды, оның бір бөлігі инженерлік инфрақұрылымға, ал қалған 168 гектары әлеуметтік және коммерциялық нысандарға бөлінеді», – деп атап өтті облыс әкімі.

Құрылыс басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың мәліметінше, орталық аумағында үш ірі нысан – облыстық драма театры, көпфункционалды спорт кешені және футбол стадионының құрылысы қарқынды. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.

Жаңа драма театры 700 орынға шақталған. Құрылыс жұмыстары қазан айының басында басталды. Дайындық және бетон құю жұмыстары аяқталып, қазір арматуралық қаңқасы бар іргетас орнатылуда.


5 мың көрерменге арналған көпфункционалды спорт кешені 6,1 гектар аумақта салынып жатыр. Нысан аумағы толық қоршалып, алаңды дайындау және іргетасқа арналған шұңқыр қазу жұмыстары жүргізілуде.

34 980 орындық футбол стадионы 25 гектар аумақта бой көтермек. Қазіргі уақытта аумақтың қоршауы аяқталып, құрылысқа дайындық жұмыстары жалғасуда.

Өңір басшысы жобалық-смеалық құжаттама дайын екенін де атап өтті.

«Ақтөбе бұрыннан заманауи үлкен стадионға лайық. Мұнда балалар мен жастардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалады. Алдағы бірнеше жылда облыс орталығында болашақ чемпиондар жаттығатын заманауи спорт аренасы пайда болады», – деді Асхат Шахаров.