Киік еті адал жолмен сойыла ма: Министрлік жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Министрлік жауап берді

nashzelenyimir.ru

Сауда және интеграция министрлігі киік етінің сатылымға шығу тәртібіне қатысты түсініктеме берді. Бұл сұрақ Үкімет кулуарында журналистер тарапынан қойылған еді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда киік етін өңдеу және өткізу жұмыстарымен арнайы ет комбинаты айналысады. Киіктердің барлығы белгіленген тәртіп бойынша бауыздалып, ет өнімдері міндетті түрде ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтеді.

«Бүгінгі таңда киік етін ет комбинаты өңдейді. Барлығы міндетті түрде бауыздалады. Әр партия ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтеді. Егер ол сараптамадан өтпесе, сатуға шығаруға болмайды. Сол үшін комбинатта инспекторлар тұрақты бақылау жүргізіп отырады», – деді министрлік өкілі.

Сонымен қатар, киік етіне қатысты эпидемиологиялық қауіпсіздік те қатаң қадағаланады.

«Бізде ғылыми референттік орталық бар. Ондағы мамандар киіктер мекендейтін аймақтардан жыл сайын сынама алып, зертханалық талдау жүргізеді. Зерттеу нәтижесінде инфекциялық аурулардың бар-жоғы анықталады. Бұл жұмыс ветеринарлық қызметтің жылдық бақылау жоспарына енгізілген», – делінген ресми жауапта.

Министрліктің мәліметінше, киік етінің айналымы мен қауіпсіздігі жүйелі түрде бақылауда.