«AMANAT» партиясы ел азаматтарының әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған жаңа сервистік жүйе іске қосты. Мәжіліс төрағасы, партия басшысы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен өткен жиында «Қарызсыз қоғам», «Әкімдер мектебі» және «Ауыл аманаты» жобаларының нәтижелері таныстырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» бастамасын ерекше атап өткен болатын. Мемлекет басшысы бұл жобаның түпкі мақсаты – халықтың қарыз жүгін азайту ғана емес, тұрақты табыс табуға мүмкіндік жасау екенін айтқан. Осыған сәйкес партия азаматтарға қаржылық қиындықтан шығуға көмектесіп қана қоймай, өз кәсібін бастау мен жұмыспен қамтылуға қолдау көрсетіп отыр.
Ерлан Қошановтың айтуынша, партияның басты мақсаты – азаматтардың қазіргі мәселесін ғана шешу емес, олардың өз күшімен өмір сүруге мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру. «AMANAT» партиясының сервистік моделі халықтың табысын арттыруда және Әділетті Қазақстанды құру ісінде нақты құралға айналды», – деді ол.
Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында биылдың өзінде 770 мыңнан астам адамның берешегі реттелді. Азаматтар қарызды қайта құрылымдау, шектеулерді алу, сот және соттан тыс банкроттық мәселелері бойынша тегін көмек ала алады. Сондай-ақ қаржылық сауаттылықты арттыру курстары өткізіліп жатыр.
«Әкімдер мектебі» жобасы бойынша 1800 ауыл әкімі оқудан өтті, жыл соңына дейін тағы 500-і оқиды. Бағдарлама аясында әкімдер ауыл экономикасын дамыту, инвестиция тарту және цифрлық құралдарды пайдалану бағытында білім алып жатыр. Бұл тәжірибе «Ауыл аманаты» жобасымен байланыстырылып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жалпы құны 600 млрд теңгені құрайтын 12,7 мың жоба іріктеліп, 111 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Партия Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе арқылы микро және шағын бизнестің проблемаларын шешу тетіктерін іске қосуда. Бұл бағытта жасанды интеллект элементтері бар онлайн-платформа дайындалып жатыр. Кәсіпкерлер сол жерден кеңес алып, өтініштерінің шешілу барысын бақылай алады.
Сонымен қатар «Қарызсыз қоғам» call-орталығына күн сайын елдің түкпір-түкпірінен 4 мыңға жуық қоңырау түседі. Онда 50-ге жуық заңгер, медиатор және қаржы кеңесшісі азаматтарға көмектеседі.
Жобаны іске асыруға 11 мемлекеттік орган мен 12 банк қатысуда. Қолайлылық үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы іске қосылған. Сайтта заңгер кеңесіне жазылуға және қаржылық білім бойынша бейнематериалдар алуға болады.