Алатауда аэротакси пайда болады

Qaz365.kz редакциясы

Оған 300 млн доллар жұмсалады

Instagram/ aviationhubkz

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero, Inc. компаниясы, Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким арасында жалпы құны 300 миллион АҚШ долларына жуық болатын меморандумға қол қойылды. Құжат Алатау қаласында электрлік әуе көліктерін (eVTOL) сатып алу және аэротакси жүйесін құруды көздейді, деп хабарлайды Qaz365.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, тік ұшып-қонатын инновациялық электр ұшақтары Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе көлігі жобасының (Urban Air Mobility) негізін қаламақ. Алатау мен Алматы қалаларының көлік инфрақұрылымына аэротаксиларды енгізу жоспарланып отыр.

– Бұл жоба аясында eVTOL ұшақтарын сертификаттау мен демонстрациялық ұшуларды өткізуге арналған сынақ алаңы құрылады. Сонымен қатар, аэротакси жүйесі Алатау және Алматының көлік желісіне интеграцияланады, – делінген министрліктің хабарламасында.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, электрлік eVTOL ұшақтарын сатып алу – Қазақстандағы «ақылды қалалар» тұжырымдамасын дамыту мен болашақ технологияларын енгізудегі маңызды қадам.

– Бұл жоба Алатауды жаңа буын технологияларымен ерекшеленетін инновациялық қалаға айналдырады, – деді министр.

Айта кетейік, Joby Aero, Inc. – әлемдегі eVTOL авиациясының көшбасшысы әрі электрлік аэротакси жасаумен айналысатын сертификатталған компания.