Данна өз кандидатурасының бірнеше фактор бойынша тиімді болғанын айтты
Қазақстандық кәсіпкер Данна Қарағұсова 8 қазанда Blue Origin компаниясының NS-36 суборбиталық миссиясына қатысып, космосқа көтерілген алғашқы қазақстандық әйел болды. Forbes Kazakhstan-ға берген эксклюзивті сұхбатында Данна бұл сапарға жол үш жылдық табандылықтан басталғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол осы кезең бойы космостық туризммен айналысатын бірнеше компанияға тұрақты түрде хат жазып отырған.
«Екі компанияға жүйелі түрде жазып жүрдім, бірақ жауап болмады. Blue Origin-ге де ай сайын хат жолдап тұрдым. Тіпті хаттарым жетіп жатқанын да білмедім», – дейді ол.
Кейін компаниядан жаңалықтар жөнінде ресми хабарламалар келе бастаған соң ғана хаттардың қабылданатынын түсінген. Алайда нақты жауап тек үш жылдан кейін беріліп, онлайн-сұхбаттар мен құжаттарды толтыру кезеңі басталған.
Қарағұсованың айтуынша, ғарыш сапарына кез келген адам іріктелмейді. Денсаулық, психологиялық дайындық және миссияның талаптарына сай болу – міндетті шарт.
«Менің жолым болды. Бұл New Shepard-тің 36-миссиясы болса да, адам қатысқан тек 15-ұшыру. Blue Origin космосқа көбіне инженерлер мен зерттеушілерді жібереді. Бірақ әлем назарын кеңейту үшін мен сияқты сырттан келген адамдарды да таңдайды», – дейді ол.
Данна өз кандидатурасының бірнеше фактор бойынша тиімді болғанын айтты.
«Мен – Азияданмын. Олар үшін бұл экзотикалық элемент. Сонымен қатар гендерлік инклюзивтілік тұрғысынан да маңызды болдым. Шын мәнінде, космосқа ұшқысы келетіндер көп емес. Көбіне жасы үлкен адамдар қызығады. Біздің экипаж да солай болды. Сол себепті жас әйел ретінде менің мүмкіндігім жоғары болды», – дейді ол.
Данна Қарағұсовамен бірге бір капсулада бес ер адам ұшты: FranChoice компаниясының негізін қалаған Джефф Элджин, DARPA зерттеулерімен танымал инженер Клинт Келли III, биофарма саласының жетекшісі Уилл Льюис, «Титаник» пен Мариан шұңғымасына экспедиция жасаған IT-кәсіпкер Аарон Ньюман және инвестор әрі саяхатшы Виталий Островский. Экипаж 100 километрден жоғары биіктікке көтеріліп, суборбиталық ұшуды сәтті орындады.