Әр жолаушы білуі тиіс маңызды ақпарат: FlyArystan тіркелген жолжүк ережелерін түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы
ашық дереккөзден

Қазақстандық лоукостер FlyArystan жолаушыларға тіркелген жолжүкке қатысты негізгі талаптар мен шектеулерді еске салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Компания мәліметінше, тіркелген жолжүк – ұшақтың жүк бөліміне тапсырылатын сөмкелер мен шабадандар. Бұл жүк түрі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жолжүктің межелі жерге уақтылы жеткізілуіне кепілдік береді.

Жолжүк нормалары:

  • «Комфорт» тарифі бойынша – 20 кг;

  • «Комфорт Плюс» тарифі бойынша – 32 кг.
    Қажет болған жағдайда қосымша 10-нан 60 кг-ға дейін жолжүк сатып алуға болады.

Бір жолжүк бірлігінің салмағы 32 кг-нан аспауы, ал үш өлшемінің қосындысы 158 см-ден артық болмауы тиіс. Жалпы сатып алынған жолжүк салмағы 60 кг-нан аспауы керек.

Маңызды:

Егер қолжүктің салмағы 10 кг-нан артық немесе өлшемі 56×23×36 см көлемінен үлкен болса, ол тіркелген жолжүк ретінде рәсімделеді.

Тіркелген жолжүк үшін төлем әуежайда бекітілген тариф бойынша килограмммен алынады, ал онлайн бағалар арзанырақ.

Жолжүкті алдын ала рәсімдеу жолдары:

  • FlyArystan қосымшасы немесе flyarystan.com сайты арқылы;

  • «Брондауды өзгерту» бөлімінде;

  • Байланыс орталығы немесе билет сатып алынған агенттік арқылы.

Ішкі рейстер үшін жолжүкті ұшуға кемінде 2 сағат, ал халықаралық рейстер үшін 3 сағат бұрын өткізу қажет.

Тегін тасымалдауға рұқсат етіледі:

  • 5 жасқа дейінгі балаға – бір жиналмалы балалар арбасы;

  • Мүгедектігі бар жолаушыға – мүгедектер арбасы.

Егер жолжүк бүлінсе, жоғалса немесе кешігіп жетсе, жолаушы бірден әуежайдағы Lost & Found бағанасына жүгінуі тиіс. Онда «Жолжүк тасымалындағы ақау туралы акт» толтырылады. Тек осы акт негізінде өтініш ресми қаралады.

Сондай-ақ FlyArystan қосалқы батареялар мен электронды темекілерді тіркелген жолжүкке салуға тыйым салынатынын ескертеді. Олар тек қолжүкте тасымалдануы тиіс.

Компания жолаушыларды ұшу алдында ережелермен толық танысып шығуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Толық ақпарат: flyarystan.com/baggage.