Танымал ақын Күләш Ахметова өмірден өтті

Qaz365.kz редакциясы

Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда дүниеге келген.

Архив

Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова дүниеден өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz .

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың өмірден өтуіне байланысты отбасы мен жақындарына, күллі әдеби қауымға, туған халқына қайғыра көңіл айтты.

Күләш Ахметова – өзінің нәзік лиризмімен, азаматтық асқақ үнімен, ұлттық руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегімен қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған тұлға. Қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған ақынның әр жылдары жарық көрген «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» секілді жыр жинақтары оқырман жүрегіне жол тауып, бірнеше буынның эстетикалық талғамын қалыптастырды.

«Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан ақынның жарқын бейнесі, ұлтқа сіңірген еңбегі мен рухани мұрасы халқының жадында мәңгі сақталады. Өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасы жас ұрпақ үшін үлгі болып қала береді. Марқұмның топырағы торқа, иманы жолдас болсын», - делінген көңіл айту хатта.

Марқұмның жаназасы 16 қараша күні, Тараз қаласында, Фазлаев көшесі 53-үйде, сағат 10:00-де өз шаңырағында шығарылады.

Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда дүниеге келген. Балалық шағын Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Үшарал ауылында өткізіп, сондағы орта мектепті бітірген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ды тәмамдаған.

Еңбек жолын Үшарал медпунктінің меңгерушісі болып бастаған. Кейін Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде және республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») басылымында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1977-1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болды.

Ахметова өлеңдері орыс, украин, белорус, өзбек, башқұрт, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған.