Қазір еңбек өтілі тек бала бағып отырған аналарға есептеледі
Мәжілісте Еңбек кодексіне енгізілетін түзетулерді таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов ата-аналардың тең құқықтары мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өзгеріс туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның сөзінше, қазіргі қолданыстағы заң бойынша үш жасқа дейінгі баланы бағып отырған ананың уақыты еңбек өтіліне есептеледі, ал дәл сол жағдайдағы әкелер үшін мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
«Біз бұл айырмашылықты жоюды ұсынып отырмыз. Егер заң қабылданса, бала күтімімен отырған әкенің де уақыты еңбек өтіліне қосылады. Бұл – тек әділ шешім ғана емес, сонымен бірге отбасындағы ата-аналық жауапкершілікті теңестіретін маңызды қадам», – деді депутат.
Аймағамбетовтың айтуынша, заң жобасында бұдан бөлек еңбек дауларын шешудегі әділдікті қамтамасыз ету, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде қызметкерлердің мүддесін қорғауға бағытталған нормалар қамтылған.
Ол бұл түзетулер еңбек саласындағы әлеуметтік теңсіздікті азайтып, жұмысшылар мен олардың отбасыларының құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.