Нәтижесінде облыс халқының 97 пайызы табиғи газбен қамтылмақ
Ақтөбе облысында 2025 жылы ауылдарды газдандыру ісі рекордтық қарқынмен жүзеге асуда. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл 9 мыңға жуық тұрғыны бар 22 ауыл табиғи газға қосылды. Жыл соңына дейін тағы 3,5 мың халқы бар 6 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр.
Осылайша, бір жылдың ішінде жалпы саны 12,3 мың адам тұратын 28 ауыл газ жүйесіне қосылады. Нәтижесінде облыс халқының 97 пайызы табиғи газбен қамтылмақ.
Сонымен қатар, Асхат Шахаров өңірде ауыз сумен қамту мен тұрғын үй құрылысы бағыттары да қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
Биыл төрт ауылға таза ауыз су жеткізілсе, жыл соңына дейін тағы алты ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.
Тұрғын үй құрылысы да өңір дамуындағы маңызды бағыттардың бірі. Әкімнің айтуынша, биыл облыста 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары толық орындалмақ.
Жыл басынан бері 745 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріліп, 419 отбасы баспаналы болған, ал жыл соңына дейін тағы 1063 отбасы қоныс тойын тойламақ.
Аймақ басшысы бұл жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталғанын айтты.