Динара Әлжан өзін "полиция қызметкеріміз" деп таныстырған бәз біреудің қысым көрсеткенін мәлімдеді

Qaz365.kz редакциясы

Ол бірер күн бұрын Болат Назарбаевтың тоқалдарының бірі болдым деп сұхбат берген

стоп-кадр

Болат Назарбаевтың тоқалдарының бірі болдым деп сұхбат берген актриса Динара Әлжан өзін "полиция қызметкеріміз" деп таныстырған бәз біреудің қоқан лоқы жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына бірнеше сериялық сұхбат берген болатын. Осыдан кейін түнгі сағат 23:00 шамасында  өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырғандар  сес көрсеткен. Тіпті көлікпен қуалаған. Бұл туралы актриса Іnstagram-дағы парақшасында жазды.

Сағат түнгі 23:00-ден кейін ескертусіз келіп, көлікпен қуалады. Ол бейнежазбалар менде бар. Бейбіт жолмен тарайық. Әйтпесе мен оны таратамын. Полиция қызметкерлеріне айтатыным, маған тиіспей, әркім өз жолымен жүрсін. Мен адвокатыммен арыз-шағымымды дайындап отырмын, - дейді Динара Әлжан.

Оның айтуынша, бір танысы оны үйінен алдап шығарған. 

Менің ешкімім жоқ деп ойламаңыз. Менің де ағам, қолдайтын халқым бар. «Адвокат жалдап беремін» деп алдап үйден шығарған кісіге айтарым: мен жетім емеспін. Бұл адамдарды мен кешірмеймін" - дейді Динара Әлжан.

Әзірге Алматы қалалық ПД бұл жайында ресми мәлімдеме  жасаған  жоқ.