«Біз баланың уақытын ұрлап жатырмыз»: Депутат мектептердің жұмысын сынға алды

Qaz365.kz редакциясы

Ол ақылы курстардың көбейгеніне алаңдаулы

Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазақстандық мектептердің қазіргі жай-күйін қатты сынға алды. Ол Qaimaq YouTube арнасына берген сұхбатында балалардың мектепте білім алмай, уақытын бос өткізетінін, ал ата-аналардың сол олқылықтың орнын ақылы курстар арқылы толтыруға мәжбүр екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Бұл – баланың күн сайынғы жоғалған уақыты. Біз баланың уақытын ұрлап жатырмыз. Ол мектепке тек куәлік алу үшін барып отыр, ал білім алмайды, – деді депутат.

Смирнованың сөзінше, қазір елде қосымша білім беру мен репетиторлық курстарға сұраныс күрт артқан. Тіпті ауылдарда да осындай курстар көбейіп келеді.

– Ауылдарға барсаң да, бәрі курстарға барып жүр. Ата-аналар балаларының білім алуына қатты мән береді, бірақ мектепке сенбейді. Сол себепті қомақты қаражат жұмсап, қосымша сабақтарға жібереді, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, мемлекет қаржыны мектептерге бөледі, ал курстар жеке бизнес ретінде дамып отыр. Алайда білім беру жүйесінің өзі тиімді жұмыс істемей жатқанын ешкім мойындағысы келмейді.

– Мемлекет қаржыны мектепке береді. Бірақ мектеп өз міндетін орындай алмай отыр. Ал ата-аналар соның орнын толтыру үшін ақылы курстарға жүгінеді. Осылайша балалар мектепте уақытын жоғалтады, – деді Смирнова.

Сонымен қатар ол оқушылардың шамадан тыс жүктемеге тап болғанын атап өтті.

– Балалар күніне он сағатқа дейін партада отырады. Ауасы тар сыныпта қозғалыссыз отыру – денсаулыққа зиян. Біз балалардың денсаулығын құртамыз, білім де бермейміз, – деді депутат.

Ирина Смирнова сондай-ақ электронды күнделік жүйесінің балаларға қосымша қысым тудырып отырғанын айтты.

– Ата-ана «Күнделікке» кез келген сәтте кіріп, баласының бағасын көріп отырады. Ал бала күні бойы сабақта болып, шаршап келеді. Қосымша курсқа баруға да шамасы қалмайды, – деді ол.

Депутат мысал ретінде бір оқиғаны келтірді: алтыншы сынып оқушысы курста алғаш рет «бөлшектер» тақырыбын түсінгеніне қуанып, ұстазына алғыс айтқан.

– Егер бала мектепте түсінбеген тақырыпты курста түсінсе, демек мәселе мектептің өзінде. Онда, мүмкін, осындай тиімді курстарды қолдау керек шығар, – деді Ирина Смирнова.