Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр

Qaz365.kz редакциясы

 Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов қала тұрғындарының сұрағына жауап беріп, Алматы зообағын жаңғырту жоспары туралы жан-жақты баяндап берді.

Оның айтуынша, зообақ – бірегей нысан, әрі оған келіп-кететіндер саны да артып барады. Сондықтан қазіргі қоршаулардың, айналадағы аумақтар мен инженерлік инфрақұрылымның жағдайы едәуір ескіргенін, жұртқа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейтінін айтады. Қазіргі қоршаулар жануарларды күтіп-ұстаудың әлемдік стандартына да сай келмейді.

«Әлемнің барлық елінде зообақтарды табиғи ортаға ұқсайтындай етіп, жан-жануарларға барынша жайлы жағдай жасап жатыр, біз де осы бағытта жұмыс істеуге бет алдық», - дейді Бейбіт Шаханов.

Қайта жаңғыртуға дайындықтың негізгі кезеңінің бірі – іргелес жер телімдерін сатып алу. Ол - инфрақұрылымды толық жаңартып, жануарларды ұстауға арналған заманға сай табиғи аймақтар құрып,  автотұрақ аумағын кеңейту деген сөз. 

«Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқан кезде климаттық жағдайы ұқсас елдердің зоопарктерін жаңғырту тәжірибесі ескерілуде. Вольерлерге қойылатын талаптар жетекші әлемдік сарапшылардың қатысуымен әзірленген Модернизацияның мастер-жоспарында белгіленген жануарларды күтіп-ұстау стандарттарына толық сәйкес келеді. Жобалауға Еуропа мен Ресейден келген зооархитекторлар қатысуда», – деп атап өтті спикер.

Жоба бойынша жұмыс қазір басталып кетті. Келер жылы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу да аяқталып қалады. Ал 10 жер телімін сатып алғаннан кейін қала зоопаркті ауқымды түрде қайта құруға кіріседі.