Бұл жәрдемақыны 207 780 адам алып отыр
Қазақстанда ерекше еңбегі сіңген немесе төтенше жағдайлардың зардабын тартқан азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Бұл әлеуметтік қолдау түрі 1999 жылдан бері қолданыста бар және халықты қорғау жүйесінің маңызды бөлігі саналады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны 207 780 адам алып отыр. Биыл осы мақсатқа 22,3 миллиард теңге бөлінген.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы 17 санаттағы азаматтарға тағайындалады. Олардың қатарында:
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен басқа елдердегі әскери қимылдарға қатысушылар;
Соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен соғыс жылдарында қаза болғандардың жесірлері;
«Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері;
Тыл еңбеккерлері;
Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқандар;
Саяси қуғын-сүргін құрбандары (мүгедектігі бар немесе зейнет жасындағы);
Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін зейнетақы алушылар;
және басқа да заңмен белгіленген тұлғалар.
Жәрдемақының мөлшері 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі аралықта белгіленеді және жыл сайын АЕК көлеміне сай қайта қаралады. Ең жоғары сома шамамен 542 мың теңге көлемінде төленеді.
Егер азамат бірнеше санатқа сай келсе, ол ең тиімдісін таңдауға құқылы. Сонымен қатар арнайы мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға да беріледі.
Жәрдемақыға өтінімді eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) беруге болады.