Елордада «Цифрлік қауіпсіздік сабақтары» атты ауқымды форум өтті

Qaz365.kz редакциясы

Астанада «Заң мен тәртіп» акциясы және «Jargyn Bolashaq» жобасы аясында «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» атты ауқымды форум өтті

Астанада «Заң мен тәртіп» акциясы және «Jargyn Bolashaq» жобасы аясында «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» атты ауқымды форум өтті деп хабарлайды Qaz365.kz  «

Астана жастары» мен Қаржы мониторингі агенттігі бірлесіп ұйымдастырған форумға 1300-ге жуық жас қатысты.  Мақсаты - жастардың сандық және қаржылық сауаттылығын арттыру, алаяқтық пен лудоманияға қарсы иммунитет қалыптастыру, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту.
Форум аясында интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, дипфейктер, «жеңіл табыс» қаупі және жастарды қаржылық қылмыстарға тарту схемалары талқыланды. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басқармасының басшысы Медет Несіпбектің айтуынша, жыл басынан бері инетернет алаяқтыққа байланысты Қазақстанда 40-тан аса қылмыстық іс қозғалған. Сондықтан азаматтардың смартфон пинкодына күрделі 6 санды қоюға кеңес берді. 

Ал ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басшысының орынбасары Андрей Давыдов жасанды интеллект көмегімен жасалатын алаяқтықтың жаңа түрлерін, олардың қоғамға төндіретін қауіптерін және қорғану жолдарын түсіндірді. Спикердің сөзіне сүйенсек, дипфейк технологиялары соңғы жылдары күрт жетіліп, фейк видео мен дауыстардың сапасы адамды шатастыратындай деңгейге жеткен. Бұл қоғам үшін үлкен қауіп.

Андрей Давыдов атап өткендей, 2027 жылға қарай әлем бойынша жасанды интеллектпен жасалатын алаяқтық көлемі 40 млрд долларға жетеді деген болжам бар. «Мәселен, Гонконгтағы ірі компания қызметкері видеоконференцияға қатысып, қаржы директорын көріп отырмын деп ойлаған. Алайда барлық қатысушылар дипфейктер болып шыққан. Нәтижесінде ол алаяқтарға 25 млн доллар аударған», -дейді спикер.

Әлеуметтік желілердегі фейктер көп жағдайда  таныс емес «шетелдік жігіттер» және боттар екені белгілі.  Жалған аккаунттар (Instagram, Telegram, VK),     әдемі адамдардың дипфейк фотолары, боттармен жасалатын «интернет-романдар» және эмоцияға әсер ететін жалған оқиғалар – алаяқтықтың басты схемалары. Мәселен, елорданың өзінде жуырда қала тұрғыны өзін «шетелдікпін» деген жігітке 9 млн теңге аударып жіберген. 
Алаяқтардың тағы бір пайдаланатыны – жасанды дауыс.   «Егер жақыныңыз сізден дауыстық хабарлама арқылы қаржылай көмек сұраса, ең алдымен оның жеке телефон нөміріне қоңырау шалып, тексеріңіз. Себебі алаяқтарға дипфэйк үшін дауысыңыздың 30 секунды жеткілікті. Мысалы, сізге жақын туысыңыздан немесе анаңыздан дәріге немесе ота жасатуға қаражат сұраған дауыстық хабарлама келуі мүмкін. Сол кезде ақша жолдамас бұрын бірден қоңырау шалыңыз. Дипфэйкті шынайы дауыстан ажырату қиын болуы мүмкін. Алаяқтар тіпті «айналайын» деген сөзді де қолданып, жақыныңыздың дауыс ырғағын дәлме-дәл келтіру мүмкіндігі бар», - деді Андрей Давыдов. Ол ЖИ  көмегімен дауысты көшірудің қаншалықты оңай екенін көрсетіп, залдан бір қатысушыны шақырып, оның дауысын 30 секундта дипфейкке айналдырды.

Жасанды дауыс «Мен аварияға түстім, шұғыл ақша керек»  деген мәтінді қатысушының дауысымен айнытпай салып берді. Давыдов мұндай жағдайлар ең алдымен ата-аналарды алдауға бағытталғанын айтты.
Сонымен қатар, фейк видеолар мен жалған инвестициялар, дипфейкті танудың қарапайым белгілері, алаяқтардан сақтанудың негізгі ережелері туралы көпшілікке пайдалы ақпарат берілді. 
Іс-шара барысында «Патруль» сериалының актерлері де өнер көрсетті. 


Сонымен қатар ММА бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай табандылық пен табысқа жетудегі еңбек тақырыбында сөз сөйледі.
Айта кетейік, форумға Президент Әкімшілігі мен Парламент өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, блогерлер, медиа тұлғалар және спортшылар қатысты.