Елордалық жастар үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Qaz365.kz редакциясы

Іс-шараның басты мақсаты – түлектер мен жас ізденушілердің жұмысқа орналасуына жағдай жасау

Qaz365.kz

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде елордалық жоғары оқу орындарының түлектері мен қала жастары үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.  Аталмыш оқу ордасына жиналған түрлі саладағы жұмыс берушілер жас мамандарға жұмысқа орналасу жөнінде толық ақпарат алуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жастарды қолдау және адами капиталды дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ бірлесіп, қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – түлектер мен жас ізденушілердің жұмысқа орналасуына жағдай жасау, оларды жұмыс берушілермен тікелей жүздестіріп, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы нақты ақпарат беру. Компаниялар өздерінің ашық вакансияларын ұсынып, жұмыс бағыттары туралы баяндап, болашақ қызметкерлердің дерекқорын жасақтады. Ал студенттер HR мамандарынан сұхбаттасудан өтіп, сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстар алды. 

Жәрмеңкеге шамамен 100 жұмыс беруші қатысты. Олардың қатарында Астана қаласының техникалық кәсіпорындары, инфрақұрылымдық мекемелер, білім беру ұйымдары бар.   

«Біз үшін бұл дәстүрлі, бірақ әрдайым маңызын жоғалтпайтын іс-шара. Елордалық компаниялардың қатысу белсенділігі жоғары. Арасында техникалық ұйымдар да, мектептер де, қалалық су арнасының өкілдері де бар. Студенттеріміз осы базаларда 2-курстан бастап тәжірибеден өтеді. Ал бүгін олар өз түйіндемелерін тапсырып, еңбек нарығында қандай талаптар барын, қандай дағдылардың сұранысы жоғары екенін біле алды», – дейді ЕҰУ-дың Академиялық мәселелер департаментінің директоры Қашқынбай Байжұман. 

Ұйымдастырушылар жәрмеңкенің дәл осы кезеңде өткізілуінің себебін де түсіндірді. Қазір студенттердің соңғы, жетінші теориялық сессиясы өтіп жатыр. 13 қаңтардан бастап олар өндірістік тәжірибеге шығады, артынша диплом алды тәжірибесі және диплом қорғау басталады. Бұл – олардың жұмыс берушілермен танысып, болашақ жұмысын алдын ала жоспарлап алуы үшін өте қолайлы кезең болмақ.  

«Біз жылына бірнеше рет жұмыс берушілермен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылаймыз. Олар оқу бағдарламаларын әзірлеуге атсалысып, қандай жаңа пәндер қажет екенін айтып отырады. Бұл – еңбек нарығына сай маман даярлауға үлкен үлес қосатын ашық диалог» , – деді  Қашқынбай Байжұман.  Оның айтуынша, көптеген студенттер дәл қазірдің өзінде жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие.

Бізге белгілі болғандай, осы оқу жылында ЕҰУ шамамен 6,5 мың түлек шығарады екен. Оның 4500-і бакалавр, 1500 магистрант және 400-ге жуық докторант. Олардың көпшілігі үшін жәрмеңке кәсіби өмірге қадам басудағы маңызды кезең десек болады.  

 «Өндірістік тәжірибеге баратын студент бүгін жұмысқа тұрып кетуі мүмкін. Мұндай мысалдар өте көп. Диплом жұмыстарының тақырыптары жұмыс берушілермен алдын ала келісіліп қойылады, ал тәжірибе олардың болашақ жұмыс орнын сынап көру алаңына айналады. Студенттер оқу орнына оралған соң, біз компаниялармен бірге олардың жобаларын қарап, ұсыныстар береміз. Бұл – жас мамандар үшін үлкен тәжірибе», – дейді университет өкілі.

Айта кетейік, Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің де негізгі мақсаты жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.