Көлік алудың жаңа жолы: автолизинг бағдарламасы ресми түрде іске қосылды

Qaz365.kz редакциясы

Бағдарлама қазақстандықтарға жаңа көлік сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған

banki.ru

Бүгін елімізде автолизинг бағдарламасы ресми түрде іске қосылды. Бұл бағдарлама азаматтарға көлікті ұзақ мерзімге жалға алып, кейін оны сатып алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі автолизингтің ең жоғары жылдық мөлшерлемесін 36 пайыз деңгейінде бекітті. Бұған дейін шекті мөлшерлеме 45 пайыз көлемінде қарастырылған болатын.

Бағдарлама шарттары бастапқы жарна мөлшеріне, лизинг мерзіміне және әр компанияның ішкі ережелеріне байланысты өзгереді. Қазір министрлік Автокөлік одағы мен Өнеркәсіптік инвесторлар одағымен меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Құжатта жеке тұлғаларға қызмет көрсететін компаниялар үшін ортақ талаптар мен мерзімдер бекітіледі.

Автолизингке қатысатын көліктерге бірқатар талап қойылады:

  • көлік міндетті түрде қауіпсіздік сертификатына ие болуы тиіс;

  • көлік түрінің мақұлдау құжаты және электрондық паспорты болуы қажет;

  • бағдарлама жаңа және бұрын лизингте болған көліктерге де қолданылады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің автомобиль өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы техникасы басқармасының басшысы Руслан Хисамутдиновтың айтуынша, лизинг мерзімі кезінде көлік лизинг компаниясының балансында болады.

«Көлікті күтіп ұстау және сақтандыру мәселелері азамат пен лизинг компаниясы арасындағы келісімде нақты көрсетіледі. Барлық талаптар азаматтық кодекс нормаларына сай қарастырылады», – деді ол 24kz-ке.

Бағдарлама автонарықты дамытуға және қазақстандықтарға жаңа көлік сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.