Жалған ақпаратқа қарсы сөз бостандығы: медиада тепе-теңдікті қалай табуға болады

Qaz365.kz редакциясы

БАҚ пен ірі бизнес арасындағы қарым-қатынас әрдайым ынтымақтастыққа да, қайшылықтарға да толы болған

Ашық дереккөзден

Алматы полициясы “Фридом Финанс” компаниясының арызы бойынша ірі бұқаралық ақпарат құралы – халықаралық ақпарат агенттігі “ҚазТАГ”-қа қатысты бастаған сотқа дейінгі тергеу биыл кәсіби ақпараттық ортадағы ең көп талқыланған оқиғалардың біріне айналды. Көп жылдан бері алғаш рет қылмыстық істің ортасында жеке тұлға да, блогер де, әлеуметтік желідегі аноним дереккөз де емес, Қазақстандағы ең көне жаңалық агенттіктерінің бірі тұр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Арыздың негізінде – 2025 жылдың көктемінде жарық көрген “Фридом Финанс” туралы «алдаудан зардап шеккен клиенттер» жайлы бірқатар жарияланымдар жатыр. Компания бұл материалдарды жала деп санайды, онда көрсетілген мәліметтердің жалған екенін және олардың таралуы іскерлік беделге нұқсан келтіргенін алға тартады.

Өз кезегінде “ҚазТАГ” азаматтардың өтініштерін жариялап, журналистік қызмет аясында әрекет еткенін мәлімдеді. Ал холдинг керісінше екенін дәлелдейміз деп отыр.

«Біз істің сотқа дейін жеткізіліп, өркениетті түрде шешілгенін қалаймыз, өйткені шындық біздің тарапымызда екендігіне толық сенімдіміз. Сонымен қатар, нарықта ұзақ жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарының біреудің тапсырмасын орындау тәжірибесі қалыптасқан. Бұл – өте өкінішті құбылыс және мұндай келеңсіз тәжірибенің кеңеюіне қарсы тұрамыз», – деді холдингтің адвокаты Александр Камендровский.

Заң талаптары бәріне ортақ

БАҚ пен ірі бизнес арасындағы қарым-қатынас әрдайым ынтымақтастыққа да, қайшылықтарға да толы болған. Алайда қазіргі жағдайдың ерекшелігі – реттеуші органдардың алғаш рет Қылмыстық кодекстегі нормаларды, ең алдымен 274-бапты – «көрінеу жалған ақпарат тарату» талабын белсенді қолдана бастауы. Бұл бап заңнамада бұрыннан бар, бірақ тәжірибеде сирек пайдаланылады.

Бас прокуратураның мәліметінше, 274-бап бойынша қылмыстық істердің саны жыл сайын жиырма-отыздан аспайды. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда Бірыңғай тергеу тізіліміне (БТТ) 13 қылмыстық іс тіркелсе, 2025 жылдың қазан айына қарай бар болғаны 5 іс тіркелген. Оның басым бөлігі сотқа дейін жетпей тоқтатылады. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі іс ерекше маңызды: егер құқық қорғау органдары істі айып тағуға жеткізсе, бұл бүкіл медиа нарығы үшін елеулі прецедент болмақ.

2024 жылдың маусымында Түркістан облысында телекоммуникация құралдары мен желілерін пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 63 жастағы блогер қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. Жетісай аудандық сотының үкімімен оған 1 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасы беріліп, бес жыл мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Ал «ҚазТАГ» ісінің түйткілді тұсы – талаптың журналистке емес, жарияланған материал үшін заңды жауапкершілікті көтеретін басылымның өзіне берілуі.

Дәл осы себепті іс қоғамда қызу талқылау тудырып отыр. Бір жағынан, медиа өкілдері сөз бостандығына қысым қаупін атап өтсе, екінші жағынан – бизнес пен репутациялық сарапшылар журналистік қызмет фактологиялық қателер үшін жауапкершіліктен босатпайтынын еске салады, әсіресе мұндай қателіктер ірі беделдік шығындарға алып келген жағдайда,

 Халықаралық прецеденттер

Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, Еуропа елдері мен АҚШ-та жалған ақпарат үшін медиаға жүктелетін жауапкершілік бұрыннан бар және жүйелі түрде қолданылады. АҚШ құқықтық жүйесінде диффамация заңдары компаниялар мен жеке тұлғаларға орасан көлемде өтемақы талап етуге мүмкіндік береді.

Мысалы, дауыс беру машиналарын өндіруші Dominion компаниясының Fox News телеарнасына қарсы ісі – жалған ақпараттың медиа-алып үшін қаншалықты қымбатқа түсуі мүмкін екенін көрсететін ең ауқымды мысалдардың бірі. Іс 2023 жылы 788 миллион долларға жуық (шамамен 399 млрд теңге) көлеміндегі келісіммен аяқталды: телеарна талап етілген соманың жартысына жуығын төлеуге келісті.

Еуропада қатаң стандарттар жүйесі жұмыс істейді: редакциялар ақпаратты тексеруге, қажет болған жағдайда терістеуге және жіберілген қателік зиян келтірген жағдайда жауапкершілік арқалауға міндетті.

2024 жылы Австрияда блогер әрі зерттеуші Стефан Вебер жергілікті университет басшылығын екі оқытушыны жұмыстан босату арқылы «оларға өмір бойына зиян келтірді» деп айыптап жарияланым жасады. Сот бұл материалдарды жала деп танып, Веберді 4 мың еуро (шамамен 2,4 млн теңге) төлеуге, терістеу жариялауға және сот шығындарын өтеуге міндеттеді. Бұл кейстер сөз бостандығының құқықтық салдардан босата алмайтынын көрсетеді.

Қазақстанның құқықтық алаңы бұл бағытта енді қалыптасып келеді: журналистер мен заңгерлер баспасөз еркіндігі мен факт-чекинг арасындағы тепе-теңдіктің маңызын айтса, бизнес – медиадағы қарсыластық емес, заң арқылы қорғану қажеттігін атап өтеді. Freedom мен “ҚазТАГ” ісі белгілі бір бағдар болуы мүмкін: заңның бәріне бірдей екенін көрсетуі де ықтимал, не оны қысым тетігі ретінде қолдану туралы алаңдаушылықты күшейтуі де мүмкін. Алайда басты қорытынды өзгермейді: сөз бостандығы сенімсіз мүмкін емес, ал сенім жауапкершіліксіз қалыптаспайды.