Қазақстанда ең төменгі жалақы алатын, баспана алуға қауқары жетпейтін азаматтарға арналған арнайы механизм бар. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов журналистердің сұрағына жауап бере отырып айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның сөзінше, табысы төмен тұрғындарға бастапқы жарнасыз жалға берілетін тұрғын үй қолжетімді.
Вице-министрдің айтуынша:
Жалға берілетін баспананы алу үшін бастапқы жарна талап етілмейді;
Мұндай баспананы 20 жылға дейін пайдалану мүмкіндігі бар;
Уақыт өте келе азаматтың қаржылық жағдайы жақсарса, бастапқы жарна жинап, пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік беріледі.
Қажкеновтің дерегінше, бүгінде Қазақстанда 70 мың жалға берілетін пәтер бар. Оларға:
13 мыңнан астам өтінім түскен;
Соның 10 мыңнан астамы баспананы жекешелендіріп алған;
Шамамен мыңға жуығы тұрғын үйдің құнын толық әрі мерзімінен бұрын өтеген;
3 мыңнан астамы жалға берілген баспананы кейін сатып алу шартымен несиеге алған.