Тұрғындар тарапынан әлеуметтік инфрақұрылым, жол жөндеу, ауыл шаруашылығын қолдау, білім беру, медицина және ауызсу мәселелері көтерілді
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп, аягөздіктердің мұң-мұқтажын тыңдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қабылдауға келген тұрғындар тарапынан әлеуметтік инфрақұрылым, жол жөндеу, ауыл шаруашылығын қолдау, білім беру, медицина және ауызсу мәселелері көтерілді
Өңір басшысы әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің барлығына ашық әрі нақты жауап беріп, шешімін қажет ететін бірқатар бағыт бойынша салалық басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, қойылған сұрақтардың әрқайсысы бақылауға алынып, орындалу барысы бойынша аудан халқына тұрақты түрде ақпарат берілетінін атап өтті.
Кездесу барысында өңір басшысы Баршатас ауылында спорт кешенін салу мәселесі шешімін табатынын айтты.
Брифинг аяқталған соң Берік Уәли өзі уәде еткен Тарлаулы ауылдық округіне қарасты Таңсық ауылына ат басын бұрып, елді мекеннің әлеуметтік жағдайы мен күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты.
Сондай-ақ сапар барысында өңір басшысы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесенесіне баратын бағыттағы көпірдің жағдайын да қарап, осы нысан бойынша атқарылар жұмыстарды талқылады.
Тарлаулы ауылдық округіндегі К. Қадыржанов атындағы Қызылқия жалпы орта мектебіне барған өңір басшысы білім ошағының оқу кабинеттерін аралап, оның техникалық және материалдық базасымен танысты.
Өңір басшысы Шыңғожа ауылына жұмыс сапары барысында 2003 жылы Нұртай Сабильяновтың қолдауымен салынған Мәдениет үйіне барып, оның қазіргі жағдайымен және атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аймақ басшысымен жүздескен ауыл ақсақалдары мен тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
Ат басын Нарын ауылдық округіне бұрған аймақ басшысы Берік Уәли «Шыңқожа батыр» мектебінде оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдер мен оқушылардың жағдайын көрді. Берік Уәли білім ошағының материалдық-техникалық базасы, білім сапасы және алдағы жоспарлар жөнінде директордан ақпарат алды. Сондай-ақ ұстаздар қауымымен әңгімелесіп, білім беру сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстарына құлақ салды.
Келесі кезекте Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөзде жаңадан ашылған реанимация бөлімшесін аралап көрді.
Он төсекке арналған жаңа реанимация бөлімшесі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұрынғы тар бөлменің орнына енді оқшауланған палаталары, диализ, бейнебақылау, қан сақтау қоймасы және дәрігерлерге арналған бөлмелері бар заманауи ғимарат іске қосылды.
Бөлімше жасанды тыныс алдыру аппараттары, мобильді рентген, жоғары сапалы УДЗ, видеофибробронхоскоп және басқа да маңызды құралдармен жабдықталуда. Жыл сайын мұнда 500-ге жуық пациент, соның ішінде 60 бала ем алмақ.
Аймақ басшысы бөлімшенің аудан халқы үшін маңызын атап өтті. Науқастар да жаңа медициналық нысанның ашылғанына ризашылық білдірді.
Бұдан соң Аягөз ауданындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесенесіне барған облыс әкімі жолдағы көпірдің жағдайын қарап шықты. Тарлаулы ауылдық округі маңындағы бұл көпір 2024 жылғы көктемде Аягөз өзеніндегі судың көтерілуінен зақымданған. Биыл жүргізілген техникалық тексерулер нәтижесінде оның апатты күйде екені анықталды.
Қазіргі уақытта көпірді қайта салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр, ол 31 желтоқсанға дейін аяқталмақ.
Аймақ басшысы тарихи нысанға баратын жолдың талапқа сай болуы маңызды екенін атап өтіп, құжаттама дайындалған соң келер жылы құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінетінін айтты.
Берік Уәлидің айтуынша, Аягөз ауданы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар «Қарағанды – Боғас» автожолының жағдайы жақсартылмақ. Аягөз қаласы мен Тарбағатай ауылы арасындағы осы жолдың 66 шақырымына келесі жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл – тарбағатайлықтардың ұзақ жылдан бері көтеріп жүрген жол мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадам.