Алматыда құқық қорғаушылар мен заңгерлер ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қолдады

Qaz365.kz редакциясы

Алматыда құқық қорғаушылар мен заңгерлер ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қолдады
 

Алматыда ЛГБТ насихатына тыйым салатын заңды қолдау бойынша конференция өтті. Іс-шараға құқық қорғаушылар, заңгерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Құқық қорғаушы Бағила Балтабаеваның айтуынша, заң жобасы ЛГБТ өкілдерінің құқықтарына нұқсан келтіруді көздемейді, керісінше, өскелең ұрпақтың санасына теріс әсер ететін ақпарат пен контенттен балаларымызды қорғауға бағытталған.

«Заң нормаларын пысықтау кезінде бір жыл бойы арнайы зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесі халықтың 85%-ы ЛГБТ насихатына қарсы екенін көрсетті. Кез-келген мемлекет өзінің ұлттық және отбасылық құндылықтарын қорғауы керек. Бұл заң халықаралық нормаларға қайшы келмейді», – дейді Балтабаева.

Өз кезегінде заңгер Бағдат Амандосұлы бұл заң жобасы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мәселесімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бұл заң жобасы біздің мүдделерімізге сәйкес келеді және ұлттық құндылықтарды қорғауға бағытталған», – деді ол.

Конференцияға қатысушылар жаһандану дәуірінде балалар үшін негізгі ақпарат көзі интернет екенін атап өтті. Зерттеулер көрсеткендей, қазақстандық жасөспірімдер көбіне жасына сәйкес келмейтін 18+ контентке тап болады екен.

«Отбасы – қоғамның іргетасы. Дәл қазір қоғамдағы отбасы институтын нығайту аса маңызды, ал ЛГБТ насихаты біздің халқымыздың құндылықтары үшін қауіпті. Мемлекет қарқынды дамып келеді, қоғам әлдеқайда саналы бола бастады. Ата-аналар балалары үшін жақсы өмірді қалайтыны белгілі. Тәрбие отбасынан басталады, дәстүрлі құндылықтарды ұрпақтан – ұрпаққа беру маңызды», – деп атап өтті «Алтын Алқа» медалінің иегері, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚҰ Алматы филиалының басшысы Ләйлә Дәулет.

Қатысушылардың пікірінше, қазір Қазақстанда балаларды зиянды ақпараттан қорғауға бағытталған заңдар бар, алайда «ЛГБТ-ні насихаттау» ұғымы нақты анықталмаған. Ұсынылған түзетулер бұл олқылықтың орнын толтырып, барлық салалық заңдарда біркелкі нормалардың болуын қамтамасыз етеді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Қазақстанда «ЛГБТ насихатына» тыйым салуды талап ететін петиция жарияланып, шешім қабылдауға қажетті 50 мың қол жиналған болатын. Осыдан кейін заң шығарушы органның депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы бастама көтерді. Биыл 12 қарашада Парламент Мәжілісі екінші оқылымда бұл заңды мақұлдады. Енді оны Сенат қарайтын болады.