Қорғаныс министрлігі мерзімді қызмет кезінде қаза тапқан сарбаздардың аналары қатысқан кездесудің алғашқы қорытындылары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Вице-министр Қаныш Әубәкіровтің айтуынша, отбасылардан түскен барлық өтініш әр жағдай бойынша жеке қаралып жатыр, ал прокуратура тексерістерді жалғастырып келеді.
Әубәкіров кездесудің басты мақсаты – әрбір ананы жеке тыңдап, тергеу барысына қатысты толық түсініктеме беру болғанын атап өтті.
«Прокуратура барлық факті бойынша құқықтық баға беріп, тексеру жүргізіп жатыр», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, әңгіме әрбір анамен жеке форматта өткен.
«Аналардың негізгі өтініштерін тыңдадық. Әрқайсысымен жеке сөйлестік. Әр бағыт бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа тек біз ғана емес, басқа da мемлекеттік органдар да қатысуда», — деді Әубәкіров.
Министрлік өкілдері отбасыларға тексеріс қорытындылары шыққан сайын ақпарат берілетінін, ал сарбаздардың қазасына қатысты барлық жағдайлар қадағалаушы органдардың бақылауында екенін жеткізді.