Қазақстан төлқұжаты жаңарады: не өзгереді

Qaz365.kz редакциясы
Qaz365.kz/ Серік Ибраһим

Қазақстан азаматтарының жаңа үлгідегі төлқұжаты әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, қазіргі төлқұжат дизайны 17 жыл бойы қолданылып келеді, сондықтан заманауи талаптарға сай жаңарту қажеттілігі туындаған.

Жаңа төлқұжатты дайындау кезінде халықаралық стандарттар мен құжаттарды безендірудің жаңа үрдістері ескерілген.

«Қолданыстағы төлқұжат үлгісі 17 жылдан бері пайдаланылып келеді. Қазір Ұлттық банктің жетекші дизайнерлері мен Банкнот фабрикасының мамандары төлқұжаттың жаңа көрінісіне қатысты негізгі бағыттарды әзірледі. Онда Қазақстанның ерекше болмысын, ұлттық бірегейлігін, мәдени алуан түрлілігін және елдің көрікті жерлерін бейнелейтін тұжырымдама жасалды», – деді Ерлан Қарин.

Жаңа құжаттың дизайнында минималистік стиль,  артқы беттегі суреттер, сондай-ақ заманауи қорғаныс элементтері қарастырылған.

Ерлан Қариннің мәліметінше, жаңа төлқұжаттың тұсаукесері жақын уақытта өтеді.