Алматы әкімі ескі көліктерден ақы алу бастамасына қатысты мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы
inbusiness.kz

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қалаға экологиялық талапқа сай келмейтін ескі көліктердің кіруіне ақы алу бастамасына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, қоғамдық көлік жүйесі толық жетілмей, мұндай шектеу енгізілмейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Егер жеке автокөліктердің қозғалысын шектеп, балама қоғамдық көлік ұсынбасақ, онда шынымен де коллапс болады. Сондықтан алдымен қала тұрғындарына ыңғайлы қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыруымыз керек”, – деді әкім журналистермен өткен брифингте.

Қазір Алматыда тұрғындардың тек 35 пайызы ғана қоғамдық көлікті пайдаланады. Қала басшысы бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 65 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Бұл мақсатта мегаполисте БРТ және ЛРТ жобалары жүзеге асырылып, метро желісі кеңейтіледі. Сонымен қатар, қалада жаңа автопарктер салынып жатыр.

“Биыл жазда үш жаңа автопарк пайдалануға беріледі. Құрылысы инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр, кейін оларды мемлекет өзіндік құны бойынша сатып алады. Бұл қаланы автобустармен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді Дархан Сатыбалды.

Жаңа автопарктер Наурызбай, Алатау және қаланың шығыс бөлігінде салынбақ. Әкімнің айтуынша, мұндай шешім жолдағы жүктемені азайтып, экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

“Қаладағы ластанудың 60 пайызы көліктерден келеді. Соның 80–84 пайызы — «Евро-0» санатындағы ескі көліктер. Мұндай 172 мың көліктің шамамен 70 мыңы Алматыда тіркелген, ал 100 мыңы – өңірлерден күн сайын қатынап жүреді”, – деді қала әкімі.