Елімізде келер жылдан бастап екі әлеуметтік төлемнің мөлшері артады

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемі ұлғаяды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген деректерде айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 599 млрд теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған азаматтарға 82,5 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлемдер берілген.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша:
543 мыңнан астам адам мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады;
187 мыңға жуық адам асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алады.

Мүгедектікке байланысты жәрдемақының мөлшері адамның мүгедектік тобына, себебіне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. Ал асыраушысынан айырылу бойынша төлем марқұм асыраушының қанша адамды асырағанына және оның қайтыс болу себебіне қарай есептеледі.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлемдер беріледі. Қазірдің өзінде:
100 мыңнан астам адам еңбекке қабілетінен айырылу бойынша;
67 мыңнан астам отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алып отыр.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты бұл төлемдер 6,5 пайызға артты. Үкіметтің шешімімен дәл осындай өсім Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдерге де қолданылды.

Мысалы, биыл жалпы ауру салдарынан мүгедектік бойынша төлем:
– 1-топ үшін – 101 702 теңге,
– 2-топ үшін – 81 362 теңге,
– 3-топ үшін – 55 474 теңге.

Ал еңбекке қабілетінен айырылу бойынша төлемнің орташа мөлшері 71 985 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 73 987 теңге.