Маңғыстау облысы – тиімді географиялық орналасуына байланысты көлік қозғалысының барлық түрі дамыған өңір. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97 пайызы жақсы жағдайда, бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш. 2025-2026 жылдары өңірде жалпы ұзындығы 491 шақырымды құрайтын 16 жоба бойынша құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz
Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалы биыл 20 пайызға өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады. Порттардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Құрық портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары атқарылып, алдағы кезеңде Ақтау теңіз сауда порты акваториясында жалғасады.
Флотты дамыту аясында 2027 жылға дейін кемелер саны 6-ға дейін ұлғайтылып, биыл 7 мың тонналық «Nasipkali Marabayev» құрғақ жүк кемесі іске қосылды. Сонымен қатар, Құрық пен Алят порттары арасында 2028 жылға дейін 6 паром кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
Инвесторларды тарту нәтижесінде 2026 жылы құны 300 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа теңіз портының құрылысы (1 кезең) басталады. Сондай-ақ, «Ақтау – Қазақстанның батыс қақпасы» халықаралық сауда-логистикалық хабын құру жоспарланған. Осы жобалардың нәтижесінде 2030 жылға қарай порттардың өткізу қабілеті 60 млн тоннаға жетіп, 2 700 жаңа жұмыс орны ашылады.