Байланыс сапасын қалай жақсартуға болады – сарапшы пікірі

Qaz365.kz редакциясы

Сарапшы көбінесе тұрғындардың алаңдаушылығын тудыратын секторлық антенналардың жұмыс істеу принципіне жеке тоқталды

Иллюстративное фото:elements.envato.com

Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде тұрғындар ұялы байланыстың базалық станцияларын орнатуға қарсы болған жағдайлар кездесіп жатады. Олар антенналардан тарайтын  сәулелердің денсаулыққа зиянды әсері болады деп қорқады. Кейбір аудандардағы базалық станцияларды алып тастау және бұғаттау салдарынан интернет пен ұялы байланыс сапасы нашарлайды, алайда мамандар мұндай жағдайлардың болуына көбінесе сенімді ақпараттың бұқараға дұрыс жеткізілмеуі себеп болады дегенді айтады.

Осы орайда Qaz365.kz тілшісі Алматы қаласы Бостандық ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Елепберген Әбілқасым Аманжолұлымен кездесіп, осы мәселе бойынша түсініктеме беруін өтінген еді. Әңгіме барысында маман радиотехникалық қондырғылардың жұмысы санитарлық нормалармен қатаң реттелетінін және тиісті қорытындысы болмаса, іске қосуға рұқсат етілмейтінін айтып түсіндірді.

«Радиотехникалық қондырғылар, соның ішінде ұялы байланыстың базалық станцияларына қойылатын арнайы бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бар. Бұл нормалар Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 28 ақпандағы № ҚР ДСМ-19 бұйрығымен бекітілген және барлық операторлар үшін міндетті», – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, тұрғын үйлердің шатырлары мен тіреу мұнарасынан жиі көріп жүрген радиотехникалық қондырғылар тұрақты байланыс пен интернетті қамтамасыз етуге арналған секторлық антенналар болып табылады.

«Санитарлық талаптар учаскені таңдауды, осындай қондырғыларды жобалауды, орналастыруды және пайдалануды реттейді. Орнатпас бұрын ұялы байланыс операторы антенналардың қуатын, биіктігін және орналасуын ескере отырып, электромагниттік өрістің әсер ету шекаралары есептелетін жобалық құжаттаманы әзірлейді», – деп түсіндірді маман.

Жоба санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық органдарының аумақтық бөлімшесіне жіберіледі және ол жерде он жұмыс күнінің ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысын береді.

«Мұндай қорытынды алмай, базалық станцияны пайдалануға рұқсат етілмейді. Осыдан кейін де іске қосар алдында аккредиттелген зертханалар міндетті түрде зертханалық-аспаптық деңгейде электромагниттік сәулелену деңгейін өлшейді», – деп атап өтті ол.

Сарапшы көбінесе тұрғындардың алаңдаушылығын тудыратын секторлық антенналардың жұмыс істеу принципіне жеке тоқталды.

«Секторлық антенналардың сәулеленуі негізінен белгілі бір сектордағы көлденең жазықтықта, яғни белгілі бір азимутта таралады. Егер антенна төбеге орнатылып, ғимарат деңгейінен жоғары көтерілсе, радиотолқындар бағытталған сектордың азимутына байланысты көрші үйлердің үстінен өтеді», - деп түсіндірді маман.

Оның айтуынша, қауіп үйлер бір-бірімен тығыз орналасқан жағдайда, жақын жерде қатарлас немесе бұдан да биік ғимараттар тұрғызылса және бағытталған сектор мен ғимараттың азимуты бір бағытта болған кезде ғана туындауы мүмкін.

«Мұндай жағдайларда ұялы байланыс операторы жабдықтың параметрлерін өзгертуге немесе жобалық құжаттаманы түзетуге міндетті. Әйтпесе, нысанды пайдалануға рұқсат берілмейді», - деп атап өтті санэпидқызмет өкілі.

Соған қарамастан, халықтан, әсіресе шатырында ұялы байланыс антенналары орналасқан үйлердің тұрғындарынан шағымдар түсуде.

«Көбінесе антенналардың жұмыс істеу принциптері туралы дұрыс біле бермейтін тұрғындар шағымданады. Адамдар невроз, бас ауруы, бедеулік, тіпті онкологиялық аурулардан қорқады. Алайда бұған қатысты нақты ғылыми зерттеулер жоқтың қасы», - деді маман.

Оның айтуынша, соңғы жылдары шағымдар саны азайып келеді, алайда радиофобия мәселесі өзекті болып қала береді.

«Шағымданудың басты себебі – халықтың бұл туралы түсінігі өте аз. Санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейтіп, адамдарға базалық станциялардың қалай жұмыс істейтінін және қандай қауіпсіздік нормалары қолданылатынын кеңінен түсіндіру қажет», - деп атап өтті ол.

Сарапшы адамдардың күнделікті қолданатын ұялы телефондары, Wi-fi және сымсыз құлаққаптардан тарайтын радиосигналдардың базалық станциялардың радиотолқындарымен бірдей екенін еске салды, бірақ, неге екені белгісіз, халық базалық станциядан немесе антеннадан көбірек қорқады.

Сарапшылардың пікірінше, жүйелі түсіндіру жұмыстары болмаса, радиофобия тек қоғамдық көңіл-күйге ғана емес, байланыс сапасына да әсер етеді.

Қорыта айтқанда, ұялы байланыстың базалық станциялары санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз және электромагниттік сәулелену деңгейін міндетті зертханалық-аспаптық өлшеусіз пайдалануға берілмейді.

Мамандардың түсіндіруінше, жобалық құжаттама сәйкес келмеген немесе сәулеленудің рұқсат етілген шекті деңгейінен асқан кезде қондырғының жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді, ал үйлерді салу барысында немесе антенналардың параметрлерінде өзгерістер анықталған жағдайда, жоба түзетіліп, қайта келісілуі тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық мамандар шағымдардың көп болуының нормалардың бұзылуына емес, радиотехникалық объектілердің жұмыс принциптері туралы халықтың жеткіліксіз хабардар болуына байланысты екенін айтады.