Qaz365.kz 2025 жылдың ең атышулы, елді елең еткізген оқиғалар мен дау тудырған сот істерін назарларыңызға ұсынады.
#Шерзатүшін
2024 жылдың қазан айында Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісі бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. 4 қазан күні Талғардағы «Қамажай дүкеніне бір топ адам келіп, дүкен иесі Қаржаубай Нұрымовпен, оның бауыры Нұрқанатпен, ұлы Шерзатпен жанжалдасып қалады. Сол жерде төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін Қаржаубай Нұрымов пен жақындары Талғардағы жолды жауып, әділ тергеу жүргізуін талап етті. Ал 12 қазан күні белгісіз біреулер Азат ауылындағы марқұм болған Шерзаттың отбасының үйін өртеп кетті. Үйдің өртенуіне қатысты іс ашылмаған күйі қалды. Ел арасында Талғардағы «хуторлықтар» деген ұйымдасқан қылмыстық топ жайлы дақпырт тарап кетті.
Ал әлеуметтік желілерде #Шерзатүшін деген хэштег пайда болып, желі қолдаушылары жәбірленуші тарапқа қолдау көрсетті.
Сот үкімі 2025 жылдың 5 маусым шықты.
Қылмыстық іс ашық сотта қаралды. 5 шілдеде бұл іске қатысы бар негізгі айыпталушылар 15 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі (кісі өлтіру), 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 24-баптың 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша – 23 жыл;
Равиль Сакиев – 99-баптың 2-бөлігі, 293-баптың 3-бөлігі, 24-баптың 3-бөлігі (кісі өлтіруге оқталу) бойынша – 20 жыл;
Дидар Қалиахмет – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Нұрбол Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Дархан Әскентай – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Шыңғыс Белғожаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Нұрқияс Ілиясов – 293-баптың 3-бөлігі – 9 жыл;
Азамат Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл;
Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Шерзаттың өлімінен кейін «Хуторлық» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ жайлы сөзді шкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, жыл соңында «топтың басшысы» деп аталған Хасан Қасымбаев ұсталды. Ол бопсалау, адам ұрлау және ауыр дене жарақатын келтіру баптары бойынша 12 жылға сотталды. Онымен бірге тағы бес адам ұзақ мерзімге түрмеге қамалды.
Айта кетейік, осы атышулы істен кейін Талғардағы шенеуніктен бірінен соң бірі қызметінен кетті. Талғар аудандық әкімдігінде қызмет атқарған Хасан Қасымбаевтың бауыры Аслан Қасымбаев жұмыстан босатылды. Ресми сот кабинеті дерегіне сүйенсек, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев бұған дейін «адам өлтіру» бабымен істі болған. Ол кеден қызметкері Медет Жамашевті қасақана өлтірді деп айыпталған.
15 қазанда Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болып отырған Аслан Қасымбаев қызметінен босатылды. Дәл осы күні 15 қазан Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Жылдың басындағы Magnum-ға бойкот және жыл соңындағы Шымбұлақтағы дау
2024 жылы Асылхан есімді желі қолданушысы Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген. Оның сөзінше, тауарды жеткізген курьер одан қазақ тілінде сөйлеуін талап еткен. Осыған наразы болған ол желіде жазба жариялайды. Бір қызығы, Magnum басшылығы Асылханнан кешірім сұрап, курьерді жұмыстан шығарып жіберген. Осыдан кейін қазақша сөйлеуді талап орыстілді азаматтар #қазақшасөйлешник деген хэштег шығарып, «елдегі басқа мәселелер толып жатыр» деген уәж айтты. Бірақ тәуелсіз Қазақстанның басты мәселесі тілге келгенде халық өретүрегеліп, мемлекеттік тілді талап етуін жалғастырды.
Жылдың соңында Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасында қазақша сөйлеуден бас тартқан қызметкер жұмыстан кетті. Бұл жолы жағдай басқаша сараланып, #қазақшасөйлешник деген айдарды ешкім таға қоймады. Дөрекілік танытқан қызметкерді жұмыстан шығарған мейрамхана басшылығы өз шешімінің құқықтық баға емес екенін атап өтті. Кейін Елена есімді бұрынғы мейрамхана әкімшісі кешірім сұрады. Бұған дейін Бақытжанов есімді әлеуметтік желі қолданушысы осы оқиғаны жариялаған болатын. Оның сөзінше, қызметкер: «Мен КСРО-да туғанмын және қазақ тілінде сөйлеп, қызмет етуге міндетті емеспін. Маған қазақ тілі керек емес» деп қазақша сөйлеуден бас тартқан.
Кісі қолынан қаза тапқандардың соты
2025 жылы Ақсу ауданы Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың өлімі де барша қазақстандықтарды елең еткізіп, жағасын ұстатты. Осыған дейін 2 негізі соты өтті. Істің мән-жайларына қарасақ, марқұмның күйеуі Айбар Жанболат маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні әйелі Айзат Жұманованы өлімші етіп сабап, есінен танып қалғаннан кейін Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізді. Сотта Айбар Жанболат марқұм әйелін қалай ұрғанын баяндап берді. ( https://share.google/fBk4JxrRGIev32dCt ). Марқұмның туыстары әуелде терісі сыпырылып, сырылып, көкала қойдай болған марқұмның денесін көріп «Атпен сүйрегенсіңдер ме?» деп сұраған. Содан осы сөзді БАҚ өкілдері жазып, жұрттың төбе шашы тік тұрған болатын. Кейін сарапшы Тахир Халимназаров қайта қазып алған мәйітті қарап, марқұмның денесіндегі соққылар жайлы айтты. Сарапшының сөзінше, Жұманованың өлімінің тікелей себебі – бас-ми жарақаты. Бірнеше рет сараптама жасағанда анализ солай көрсеткен. Тахир Халимназаров марқұмның жоғарғы бір қабырғасының сынғанын анықтады. Бұл бірінші сараптамада анықталмаған болатын. Жарыссөз 8 қаңтар күні болады.
Тағы бір жантүршігерлік іс — 23 жастағы Яна Легкодимованы өлімі. Яна өзінің сөйлесіп жүрген жігіті Ризуан Қайыржанов пен оның досы Алтынбек Катимовтың қолынан қаза тапты.
Сөзге келіп қалғаннан кейін Ризуан Қайыржанов өзінің серігі Алтынбек Катимовпен бірге жантүршігерлік қылмысты қалай істейтіндерін жоспарлайды. Олар құдды бір жеңіл дүниені жоспарлап отырғандай салқынқанды болып, хат жазысқан. Сотта бұл хаттар мен Янаның күнделігі дәлел ретінде істі ашуға сеп болды. Олар марқұмды өлтірген соң денесін Жайық өзеніне тастады. Янаның мәйіті айлар бойы табылмады. Ең соңында оның бас сүйегі мен қаңқасы ғана табылды.
Сот Ризуан Қайыржанов пен оның танысы Алтынбек Катимовты кінәлі деп танып, оларға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын «Қара бүркіт» қауіпсіздігі жоғары түрмесінде өтейді.
Айта кетейік, 23 желтоқсанда айыпталушылар апелляциялық шағым түсірді.
АЭС және оған қарсы шыққан белсенділер
2024 жылғы дау болған референдумнан кейін үкімет бірнеше елдің, соның ішінде Ресей, Франция, Қытай және Оңтүстік Корея компанияларымен ұзақ келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде 2025 жылғы 14 шілдеде Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі елдегі алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде ресейлік «Росатом» компаниясын таңдады.
Фото: Pixabay
Ал 2025 жылдың тамызында Алматы соты АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділерді шартты түрде төрт жылға бостандығын шектеу жазасына кесті. Оларға атом электр станциясына қарсы үгіт-насихат материалдарын таратты және жаппай тәртіпсіздікке шақырды деген айып тағылды.
Марқұм болған сарбаздардың аналары
2025 жылдың қарашасында Астанада сарбаздардың аналары Қорғаныс министрлігінің алдына жиналып, қолдарына ұлдарының суреттерін ұстап шықты. Балаларынан айырылған аналар көп айтылатын: «өз-өзіне қол жұмсау», «кездейсоқ оқыс жағдайда болған оқиға», «салғырттық», «менингит» деген мәлімдемелерді қайта қарап, әділ тергеу жүргізуді талап етті. Аналар офицерлердік сарбаздарға зорлық көрсететіні, жас сарбаздарды несие алуға мәжбүрлеп, ақшасын шенділерге бергізетіні, ұрғаны, қорлағаны, кейде тіпті атқаны туралы айтты. Олар Қорғаныс министрі Қосановтың шығуын талап етті. Бірақ арнайы жасақ келіп аналарды көліктерге отырғызып алып кетті.
Фото: t.me/qumash_kz
Кейін журналистер Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтан неге сарбаздардың аналарына шықпағанын сұрады. Министр Қазақстан әскерінде әлімжеттік жоқ деп мәлімдеді. Оған әскерде үнемі қайғылы оқиғалар тіркеліп жатқанынан хабардарсыз ба деген сұрақ та қойылды.
Министр күліп: «Не айтып тұрсыз?» деп жауап қатты. Артынша бұл тергеу істерінің Бас прокуратураның соның ішінде Ішкі істер министрлігінің құзіретіне жататынын айтты.
ЛГБТ «насихатына» тыйым салу
18 желтоқсанда Сенат заңсыз контенттің таралуын шектеуге бағытталған заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Бұл өзгерістер қоғамда және интернетте ЛГБТ «насихатын» шектеуді көздейді. Енді фильмдерде, жарнамаларда және әлеуметтік желілерде ЛГБТ туралы кез келген ақпарат заңсыз деп танылуы мүмкін.
Халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұл бастаманы қабылдамауға шақырғанымен, депутаттар «дәстүрлі» және «отбасылық құндылықтарды қорғау» қажет екенін алға тартып, заңды қабылдауды талап етті. Заңды сынағандар бұл құжат кемсітудің күшеюіне және белсенділер мен журналистерге қысым жасауға жаңа мүмкіндік тудыратынын ескертті. 30 желтоқсанда заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
«Сатира — қылмыс емес»
2025 жылы сөз еркіндігіне қатысты ең көп талқыланған істердің бірі QazNews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі болды.
11 сәуірде шыққан шешімге сәйкес, оған бес жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындалды. Сот Темірланның жеке айғақтарын — телефоны мен ноутбугін мемлекет пайдасына тәркілеу және 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу жайлы шешім шығарды.
Бұған қоса, оған журналистік қызметпен айналысуға, құқық қорғау және саяси салада жұмыс істеуге, волонтерлік пен қайырымдылық істерге араласуға, сондай-ақ бейбіт жиындарға қатысуға тыйым салынды. Бұл үкім қоғамда сөз бостандығы мен сатираның шегі туралы қызу пікірталас тудырды.
Осы істен кейін жыл соңына қарай тәуелсіз медиаларға қатысты қылмыстық істер қозғалды. 1 желтоқсанда Алматыда Orda редакциясының кеңсесінде және басылымның негізін қалаушы Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізіліп, жұмысқа қажетті техника мен құжаттар тәркіленді. Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды.
Арада көп өтпей, 23 желтоқсанда Астанада ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторында аштық жариялап, бұл қадамды өзіне жасалған қысымға қарсылық ретінде түсіндірді. 25 желтоқсанда сот оны да үйқамаққа ауыстырды.
Жыл соңындағы бұл оқиғаларға жауап ретінде тоғыз құқық қорғау ұйымы біріккен мәлімдеме жасап, Қазақстанда журналистер мен медиа өкілдеріне қарсы қудалау жүріп жатқанын айтты. Олар билікті сөз бостандығы мен тәуелсіз журналистиканы шектеуді тоқтатуға шақырды. Журналистер одағы 274-баптың белсенділер мен журналистерді қудалайтын бапқа айналғанын атап өтті.
«Қайрат» футбол клубы
2025 жылы ел жадында қалған ең жарқын сәттерінің бірі — алматылық «Қайрат» футбол клубының Чемпиондар лигасына жол ашып, Алматының Орталық стадионында мадридтік «Реалмен» бетпе-бет келуі болды. Бұл кездесу тек спорттық бәсеке емес, қала өміріндегі үлкен оқиғаға айналды.
Ойынға арналған билеттер санаулы сағатта өтіп кетті. Алыпсатарлар бағаны бірнеше есе көтеріп, жанкүйерлер үшін стадионға кірудің өзі сынаққа айналды. Сол күндері Алматы сары мен қара түске боялып, Алматы және еліміздің түпкір-түпкіріндегі ел жанкүйер болды.
Нәтиже жанкүйерлер күткендей болмағанымен, «Қайраттың» алаңдағы қайраты мен мінезі көпшіліктің құрметін, ерекше ықыласын оятты. Әлеуметтік желілерде футболшылардың еңбегіне риза болған жазбалар үсті-үстіне жазылып жатты. Әсіресе, жас қақпашы Шерхан Қалмырзаның ойыны ерекше аталып, оның батылдығы мен салқынқандылығы командаға үлкен сеп болғаны жиі жазылды. Жанкүйерлер 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтбаевқа да ерекше ықылас көрсетті.
Осы маусымда «Қайраттың» тағы бір қақпашысы Темірлан Анарбеков те халықаралық деңгейде көзге түсті. 22 жасында ол Чемпиондар лигасының төрт кездесуінде 24 соққыны қайтарып, ең көп голдың алдын алған ойыншы ретінде турнир статистикасында алдыңғы қатарға шықты. Нәтижесінде Темірлан Анарбеков биылғы маусымның үздік қақпашысы атанды.
Бұл жетістіктер халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы — IFFHS жариялаған деректермен де расталды. Ұйымның ресми рейтингінде «Қайрат» әлемнің үздік 500 клубының қатарына енді. Бұл — алматылық клуб үшін ғана емес, жалпы қазақстандық футбол үшін маңызды белес болды.