Күніне 30 мың туристке дейін: Алматының тау кластері туристер санын арттырмақ

Qaz365.kz редакциясы

Таудың жақындығы – қаланың басты бәсекелестік артықшылығы

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматының тау кластерін дамыту аясында таулы аймақтардың адам қабылдау мүмкіндігі бес есеге арттырып, тәулігіне 30 мың адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жоба туристер санын біркелкі реттеуге, табиғи экожүйеге түсетін салмақты азайтуға және тау бағыттарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи, басқарылатын инфрақұрылым құруды мақсат етеді.

Алматы қаласы nуризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, таудың жақындығы – қаланың басты бәсекелестік артықшылығы.

«Алматы таулы аумақ қала орталығынан небәрі 20-30 минуттық жерде орналасқан әлемдегі санаулы мегаполистердің бірі. Бұл жетекші тау туристік бағыттарын қалыптастыруға, туризмді тұрақтылық пен табиғатқа жанашырлықпен қарау қағидаттарына сүйене отырып дамытуға зор мүмкіндік береді», – деді Ғалия Тоқсейітова.

Туризм басқармасында бүгінде туристік сала жаһандық жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін үлес қосатыны, ал инфрақұрылымға салынған әрбір доллар 15 долларға дейінгі жиынтық экономикалық тиімділік әкелетіні айтылды. Тау шаңғысы туризмімен айналысатын бір туристің орташа тәуліктік шығыны шамамен 350 доллар. Бұл тау туризмін дамыту Алматы үшін экономикалық тұрғыдан аса маңызды бағыт екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, туристер санының өсуі таулы аумақтарға айтарлықтай жүктеме түсіріп отырғаны да айтылды. 2018 жылдан бері Іле-Алатау ұлттық саябағына келушілер саны 4,5 есеге артса, «Шымбұлақ» тау курортына келушілер саны 2,5 есеге өсіп, жылына 1,5 миллион адамға жеткен.

Алматы тау кластерін дамыту мен «Шымбұлақ» курортын жаңғырту бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан еліміздің туристік саласын дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған болатын.

Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін көп маусымды туристік өнім ретінде дамып отыр: қыста – тау-шаңғы туризмі, жазда – хайкинг, экологиялық соқпақтар мен велосипед бағыттары. Аумақтың едәуір бөлігі кез келген жан үшін қолжетімді күйінде қалады. Барлық жобалық шешім экологиялық талаптарды сақтай отырып және қоғамдық талқылау арқылы жүзеге асырылады.