Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған
Бүгін Алматыда қала әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен жаңа кітапхана салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қаланың 31-ші кітапханасы болған жаңа нысан оқу дәстүрінің құндылықтарын цифрлық технологиямен, заманауи біліммен және кең ауқымды ақпараттық ресурстармен үйлестірген мегаполистің мәдени жаңғыруының символына айналды.
Кітапхананың ашылу рәсіміне Алматы тұрғындары, қала басшылығының өкілдері, белгілі жазушылар, қоғам қайраткерлері және мәдени қауымдастық өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов сөз сөйлеп, қаланың әр ауданында мәдени орталықтар мен кітапханаларды ашу – әлеуметтік инфрақұрылымды тұрғындар үшін қолжетімді етуге бағытталған маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай орталықтар қоғамдық өмірдің жандануына ықпал етіп, қала тұрғындарының заманауи ақпараттық әрі білім беру ресурстарына еркін қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Кітапхана заманауи талаптарға сай қалыптасқан ауқымды кітап қоры мен жетілдірілген материалдық-техникалық мүмкіндіктерінің арқасында жасы мен қызығушылығы әртүрлі оқырмандардың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Мұнда компьютермен жұмыс істеуге арналған арнайы зал, жеке оқу үшін қолайлы тыныш аймақтар, сондай-ақ бірлескен кездесулер мен шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға лайықталған кеңістіктер қарастырылған.
Сонымен қатар, кітапхананың басты ерекшеліктерінің бірі – ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған. Олар көру қабілеті төмен және зағип оқырмандарға арналған Брайль бағдарламалары мен дыбыстық интерфейстермен жабдықталған.
«Мұндай жаңа әрі заманауи кітапханалардың ашылуы – ой мен білімді тоғыстырып, ұлт руханиятын жаңа деңгейге көтеретін маңызды мәдени кеңістік. Бұл бастама оқырман мәдениетінің дамуына зор серпін береді деп сенемін», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Жаңа кітапхананың ашылуы қаланың мәдени инфрақұрылымын дамытудың маңызды қадамы болып, алматылықтар үшін жаңа тартымды орталыққа айналмақ. Кітапхананың басты артықшылықтарының бірі – 20 мыңға дейін кітапты қамтитын бай әрі мазмұнды кітап қоры.
Алматы Кітапханаларына қарасты жаңа кітапхана Құлболды көшесі, 1/2, 2-корпус мекенжайы бойынша сағат 08:30-20:00 уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыссыз жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында 31 қала кітапханасы жұмыс істейді, олардың үшеуі тәулік бойы қызмет көрсетеді.