Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллектке негізделген, діни сұрақтарға сенімді дереккөздерге сүйеніп жедел жауап беретін «Imam AI» мобильді қосымшасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылға арналған бағдарламалық баяндамасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бас мүфтидің айтуынша, заман талабына сай діни салада да жасанды интеллект мүмкіндіктерін жүйелі түрде енгізу қажет. Бұл қадам халықтың діни сауалдарына жедел әрі нақты жауап беруге, сондай-ақ дін қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, арнайы мобильді қосымша күнделікті өмірде туындайтын діни мәселелер бойынша жедел ақпарат алуға жол ашып, ең бастысы тексерілген әрі сенімді дереккөздерге негізделген мәлімет ұсынуға бағытталады.
«Осыған байланысты жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, діни сұрақтарға лезде жауап беретін “Imam AI” мобильді қосымшасын ұсынатын боламыз», – деді Бас мүфти.
Жоба іске асқан жағдайда, қосымша дін саласындағы ақпараттың қолжетімділігін арттырып, қоғамда діни сауаттылықты нығайтуға ықпал етпек.