Қазақстандағы жетімдер мен көпбалалы аналардың күйі: Айыртау ауданындағы көк басқан, сыз үйдегі жанайқай

Qaz365.kz редакциясы

Көпбалалы аналар мен жетімдер «Еститін үкіметтің» көмегіне мұқтаж

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Саумалкөл ауылындағы 44-шағынауданда орналасқан көпқабатты үй кейбір жетім балаларға, көпбалалы аналарға мемлекеттен баспана ретінде берілген. Тұрғындардың сөзінше үй бүгінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың (ЖКХ) балансында тұр. Қабырғасы көгеріп, сыз болған, ылғал иісі сіңген, төбесінен су сорғалаған бұл үйде көпбалалы аналар, балалар үйінен шыққан жастар және жойылып кеткен Сарыөзек ауылынан қоныс аударған тұрғындар күн кешіп жатыр. «Баспана» деген аты ғана бар көк басқан үйдің жайын айтқан тұрғындар балаларының, жақындарының денсаулығына қатты алаңдайды. 

Qaz365.kz тілшілері тұрғындарға хабарласып, істің мән-жайын анықтады. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл үйдің мәселесі кеше немесе бүгін басталмаған. 2014 жылдан бері қабырғалары көгеріп, төбесінен су сорғалап келеді. Жауын жауса да, қар ерісе де, үйдің іші дымқыл, сыз. Көк басқан, қолқаны қапқан иісі қабырғаға ғана емес, киімдерге сіңіп кеткен. Ғимараттың сыртқы қабаты шіріген. Тұрғындардың айтуынша, қақырап, кез келген сәтте құлап түсуі мүмкін, техникалық қауіпсіздік талаптары сақталмаған, мұнда тұру денсаулыққа қауіпті. Жас балалары бар отбасылардың уайымы осы. 

Жетімін жылатпаған қазақ едік…

Бұл үйде көпбалалы аналар да тұрады. Солардың бірінің бес баласы бар, екеуі «Балалар миының церебральды сал ауруы» (ДЦП) диагнозымен есепте тұр. Анасының өзі де балалар үйінде өскен. Бұл үйде жетім балалар да тұрады. Жақында бұрынғы депутат Гаухар Танашева жетім балалардың балалар үйінен шыққаннан кейінгі жағдайын қадағалайтын бір органның жоқ екенін айтқан еді.

«Жетім балалар тұратын балалар үйі бар. Балалар үйінен шыққан кезде балалардың не істеп жүргенін бір үкіметтік орган бақыламайтын. 16 жасынан колледжге түседі, жатақханада тұрады. Сол кезде кішкене болсын бақылау бар. Одан кейін далаға кетеді. Далада жұмыс жоқ. Баспана жоқ. Нашақорлық жолға, қылмыстық жолға кетіп қалған балалар бар. Менің бір мақсатым бар. Сол балалар келіп тұра алатын баспана салғым келеді. Себебі олар шыға салып, өз бетінше жұмыс тауып кете беретін балалар емес. Жетім балалар өмір бойы, 30 жас болсын, 40 жас болсын бала болып қалады. Сондықтан оның қасына әрдайым жетекші болып жүретін адам керек. Оларға үй алу үшін тіркелу керек. Ал тіркелетін жер жоқ», — деді Гаухар Танашева.

Расымен өмірде ата-анасы, туысы жоқ жастардың аяқтан тұрып кетуі қиын. Олар әкімдікке де, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдарына да жүгінгенін айтады. Бірақ мардымды жауап жоқ. 

Фото: Тұрғындар жіберді / Көк басқан қабырғалар

Бар дүниемізді лақтырдық  жүрегінде ақауы бар балалардың анасы

Сол үйдегі тағы бір тұрғынның айтуынша әкімдіктен ешқандай көмек болмаған. 7 жыл бойы сыз әрі көк басқан үйде тұрып, заттары бүлініп, көбін лақтыруға мәжбүр болған.

«Мен сол үйде тұрамын, 7 жыл болды. Қазіргі таңда үйді көк басқан, сыз, дым. Балаларға қиын. Барлық заттар, киімдер бүлінді. Көбін лақтырдық. Әкімдіктен еш көмек болмады. Бұл 2014 жылы берілген үй еді. Бір жаққа барсақ ұяламыз. Үстіміз сасып тұрады», — деді тұрғын.

Оның сөзінше, бұрын Сарыөзек деген ауыл жойылып кеткенде кейбір тұрғындар осында келген. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да осы жерден үй алған. Ол бұл үйді сатып алайын десе, сапасы сын көтермейтінін айтты.

«Өз атымызға тіркемедік. Себебі үй тұратын үй емес. Амал жоқ болған соң тұрып жатырмыз. Бұл үйді 5 миллион 500 теңгеге бағалап тұр. Аламыз десек, соның 2,5 миллионын беруіміз керек, ал 2,5 миллионды несие ретінде алып береді. Үйді көк басып кеткен, подъезд деген масқара, лас. Кім тұрмайды бұл үйде? Ішетін адамдар да тұрады. Үйде бала-шағаммен тұрып жатырмын, қайын енем бар. Жүрегі ауырады, сол бойынша мүгедектігі бар. Екі баламда да туабітті жүрек ақауы бар», — деді тұрғын. 

Фото: Тұрғындар жіберді / Көгерген заттар мен жиһаз

Осы үйдің көгергенінен олардың дүние-мүлкі де бүлінген. Тұрғын киімдерін де, жиһаздарын да тастағандарын айтты.

«Үйдің жағдайы мына видео мен суреттердегідей. Төбелерден су ағып жатыр. Қабырғалардың бәрін көк басқан. Терезелердің жан-жақтары жабылмаған. Оның бәрін өзіміз жауып, өзімізше жөндеу жұмыстарын жасағанбыз. Жасаған жөндеу жұмыстарының бәрі далаға кетіп жатыр. Жапсырған дүниелерді алып тастадық. Себебі көгеріп, дымқыл болып тұрып алды. Балалардың киімдерін де лақтырдық, өзіміздің де қыстық, жаздық, күздік киімдерімізді лақтырдық. Баламның төсегі бар еді. Оны да лақтырып жібердік. Себебі көкпеңбек болып көгеріп кетті. Ағартқышпен жусақ та болмады», — деді тұрғын. 

Ол қабырғалардың құлап жатқанын айтты. Бұған дейін өтініш айтып әкімдікке де, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа да барған.

«Біздің шағымдарымызды жазбаша арыз түрінде ешкім қабылдаған жоқ. Айтулары бойынша, мен көп балалы ана емеспін. Тағы бір сондай санаттарға «жатпайсың» деп менен ештеңе қабылдаған жоқ. Бірақ біз әкімдікте болдық. Әкімнің де алдында болдық. Бірақ ол кісілердің бәрі ауысып кетті. Қазір ол шенеуніктердің орнына басқа кісілер келген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ЖХК) бастығының алдында да болдық. Ол кісілердің айтқандары: «Жақсы, жасап береміз» деген сөздер. Бірақ былтыр біз қыстыгүні барғандықтан олар: «Кран керек» деді. «Оған міну үшін адам таба алмаймыз» деді. Үйдің сыртқы жабындысы құлап, түсіп жатыр. Содан қар кіреді, жаңбыр кіреді. Қабырға жабындысы бір-бірден жұлынып жатыр», — деді тұрғын. 

Ол бұл үйдегі тек бір пәтер емес, басқа үйлер де осындай халде екенін айтты. Тұрғын бәрінен бұрын балалары үшін қатты алаңдайды. Заттардың, киімдердің бүлінгені өз алдына, ол елдің үйіне қонаққа баруға ұялатындарын айтып берді.

«Менің шырылдап жатқаным ең бастысы — балаларымның денсаулығы үшін. Бүлінген киімдер бар, дүниелер бар. Үлкен ұлым 7 жаста. Қызым 7 айлық. Екеуінің де жүрегі ауырғаннан кейін тыныс алуы қиындап кетеді. Үйге қонақ шақырсақ: «Фу, қалай сасып кеткен үйлерің?» деп кіреді ғой. Себебі кіру мүмкін емес», — деді тұрғын. 

«Балаларымызбен бірге тоңып отырмыз»

Бұл үй көк басып, дымқыл тартып тұрып алғаннан бөлек, жылуы да мардымсыз көрінеді. Біз хабарласқанымызда тұрғын тоңбау үшін қалың киім киініп отырғандарын айтты.

Фото: Нейрожелімен жасалды

«Бұл ғимаратта жалпы 60 пәтер бар. Мемлекеттік қызметкерлер де тұрады. Олар қызметте болған соң үндей алмайды. Қыстыгүні суық. Бір емес, бірнеше рет әкімдікке жағдайымды айтып барғанмын. «Біз саған не істейміз?» деген жауап айтты. Қазір батареялар аз ғана жылып тұр. Қалың киініп алып отырмыз», — деді тұрғын. 

«Бізді адам санамайды»

Ал көпбалалы ана Нұрғайша Қазақбаеваның айтуынша, мемлекеттен берілген баспана оның отбасы үшін үміт емес, күнделікті қауіп пен азаптың мекеніне айналған. Бес баланың, жұмыссыз, сырқат күйеуінің қамын жасап отырған әйел де 44-үйдің жағдайы адам төзгісіз екенін айтты. Нұрғайша Қазақбаева отбасының әлеуметтік ахуалын ашық баяндады.

«Мен көпбалалы анамын. 5 балам бар. Жолдасым бар. Отбасымызда жалпы жетеуміз. Екі балам — студент. Үш балам кәмелетке толмаған. Жолдасым ауырады. Мен жұмыссызбын. Мен бір жағынан жамандағым келмейді. Бірақ бір жағынан ақсап жатқаны көп. Біздің үйіміз ешқандай жөндеу жұмысын көрмеген. Бұл үйде тұрғаныма 4 жылдай болып қалды. Үйдің құжатын прокуратураға барып айқай шығарып жүріп әрең алдым. 2025 жылдың қазанында ғана құжатты берді. Ал көпбалалы ана ретінде айтып бермеді. Кілтті де басқа жерлерде ерекше атап табыстайды ғой. Маған олай бермеді. Қазір көпбалалы аналарға біздің аудан бойынша сыйлық, гүл ұсыну жоқ. Тек мереке кезінде министрліктің беретін 14-8 мыңдай теңгесі ғана бар», — деді Нұрғайша Қазақбаева.

Берілген пәтердің бастапқы күйі жайлы айтқанда, ол үйдің адам тұруға мүлде жарамсыз болғанын айтып берді. Әйел үйдің қабырғасын 17 рет сылаған. Дегенмен бәрібір көк басып тұрып алған.

«Қабырғалары сұмдық. Мен бір үйдің қабырғасын 17 рет сыладым. Менің жапсырмам жоқ. Берген кезде көкшіл, күлгін түстес болды. Есігі де, әжетханасы да болмады. Арақкештер тұрған үйге ұқсайтын әйтеу бір үйді берді. Қолыма құжат бермеді», — деді көпбалалы ана.

Құжатты алғанымен баспана мәселесі сонымен шешілмеген. Ол үйде тоңып отырғандарын, терезелерінде мұз қатып, қар кіретінін айтты.

«Бір-ақ жыл болды. Айқай-шумен жүріп құжат жасатып алдым. Бірақ жылу мардымсыз. Себебі менің жылытқыштарымның (паровой) жартысы жылы, жартысы суық. ЖХК-ға айтып едік мән бермеді. Тіпті бастығы ауысып кетті. Жылда бастығы ауыса береді. Әкім ауыса береді. Әкім ұстатпайды. «Отбасыңа қауіп төнеді» деп әкімдік жаққа барғызбайды», — деді көпбалалы ана.

Үй ішіндегі санитарлық жағдай да алаңдатарлық. Анасының айтуынша, бір кездері балаларын жәндіктер шағып, түнгі ұйқысы бұзылған:

«Бір күні үй сылап жатсам, бұрыштан тереземе шіркей қаптап кетті. Балаларым айтады: «Мама, түнде бізді бірдеңе шағады» деп. Қарасам бұрыш-бұрышта шіркей қаптап кетіпті».

Әкімдікке бірнеше рет барғанымен, нәтиже болмағанын айтады:

«Қазан айында бардым. Сонда «келеміз, көреміз» деген. Келмеді, көрмеді. Жаз бойы «үйдің сыртын дұрыстаңыздаршы» дедік. Міне, қыс 37 градус аяз. Тереземіздің бәрінде мұз қатып тұр. Қаншама видеолар жібердік?! Қаншама рет айттық?! Ешкім бізді ойламайды. Шындық», — деді Қазақбаева.

Фото: Тұрғындар жіберді / Терезелердегі қар мен мұз

Үйді өз күшімен жөндеуге тырысқан көпбалалы ана қарызға белшеден батқанын да жасырмайды:

«Өзім жұмыс істемегеннен кейін осы үйді жөндеймін деп қаншама қарызға баттым?! Не есігі болған жоқ. Не құбыры болған жоқ. Басында «бәрін істеп береміз» деген. Мен сол сөздеріне көніп қалған едім. Үйдің іші көгала қойдай көгерген. Ұйықтай алмаймыз. Киімдер көгерген. Балаларымызға демалу қиын. Балалар ауырып қалады. Дәрі аламыз. Ақшамыз дәріге кетеді», — деді Нұрғайша Қазақбаева.

«Неге көпбалалы аналарды жылата береді?»

Кілт табыстау сәті де көпбалалы ананың жанына батқан:

«Маған кәдімгідей даладағы қораның кілтіндей әкеліп берді. Бір ышқырдың бауы салынған. Неге бұлар көпбалалы аналарды жылата береді?», — деді Қазақбаева.

Нұрғайша Қазақбаева коммуналдық қызметтің салғырттығы туралы да ашық айтты:

«Бізде шұғыл бір жағдай болып қалса, әкімдік те, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық та телефондарын алмайды».

Тұрғындардың сөзінше, үйдің жағдайы апатты, кез келген сәтте жертөле құлап кетуі мүмкін. Нұрғайша Қазақбаева бірінші қабатта тұратын болған соң, бір күні отбасымен «төменге опырылып түсеміз бе?» деп қорқады.

«44-үй апаттық жағдайдағы үй. Ал жертөленің ішіне кірсеңіз, сұмдық. Бүкіл құбырлары ескіріп тұр. «Мынау бір күні құлап қала ма?» деп қорқамын. Бәріміз опырылып құлап түсеміз бе деп қатты қорқамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ЖХК) тексермейді де. Құлайын деп тұрған үй. Мұның қабырғаларындағы қаңылтырларын шешіп қарасаң, бәрі ашық тұр. Бұл үй құлайын деп тұр. Менің үстімдегі көршілерімнің бәрінде жапсырма бар. Менде жапсырма жоқ. Сондықтан мен қабырғалардың бәрінің қандай екенін жақсы білемін. Бәлен мыңға есіктер алдым ғой. Солар жабылмайды. Дәретхананың да есігі жабылмайды. Есік көгеріп кеткен. Айқайлап адам бар екенін айтып отырамыз. Төсектеріміз сұп-суық. Далаға қалай киімді жайып, әкелесіз ғой? Тура сол секілді суық. Сол үшін біз жылтатынды қосып қоямыз. Бөлмелерге тасып жүріп, тоққа қосып жылтамыз», — деді Нұрғайша Қазақбаева.

Ол мардымсыз жылудан үй суық болған соң киімдердің кебуі де қиын екенін айтты.

«Кішкентай балам 2,5 жаста, әлі памперс киеді. Себебі сисе памперске сисін деймін. Себебі киім жылытқышта (паровойда) кеппейді. Шындық осы. Біз бір күн жуатын киіміміз бір жұмадан артық кебеді. Өзі көп киімі де жоқ. Көгеріп бітті. Бір арба киімді қоқысқа тастадық. Не істеймін енді? Біз бір жаққа шықсақ әтір себеміз. Әрбір бөлмеге иістендіргіш қоямыз. Ұяламын. Бұл үйде тұрғым келмейді. Балаларым да достарын әкеліп туған күн секілді қуаныштарын атап өте алмайды. Адамдар тоңады. Қыс түгілі жазда тоңамыз. Кіреберісті өзім боядым. Бұл 44-үйді ешкім елемейді. Бізді ешкім адам секілді санамайды», — деді Нұрғайша Қазақбаева.

Үйдің сыртын сары әдемі жапсырмамен қаптап қойған. Тұрғындардың сөзінше, бетондары соның ішкі жақтарында құлап жатыр. 

Фото: Тұрғындар жіберді

Нұрғайша Қазақбаева билік өкілдерінің осы үйді келіп көргенін қалайды. Ол бірінен соң бірі ауысатын әкімдерге өтініш айтудан әбден шаршаған. 

«Адам жұмыстан шаршамайды екен. Біз адаммен адам сөйлесуден шаршаймыз. Мәселемізді айтудан шаршадық. «Баланы өзің үшін туасың» дейді. Халық санын көбейтеміз деп туамыз ғой. Бізге бір бригаданы жіберсе екен. Министрлер келіп көрсе ғой... Әкімдер қандай жұмыс істеп жатқанын көрер еді. Әкім ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ. Жұмыс істесе үй мынадай болмас еді», — деді Нұрғайша Қазақбаева.

Qaz365.kz редакциясы осы мәселе бойынша Айыртау ауданының әкімдігіне және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне арнайы сауал жолдаған болатын. Мақала жарияланғанша жауап келмеді.