Алдыңғы арба қалай жүрсе,
Соңғы арба сонда жүрер.
Қазақстанда оқушылардың әлеуметтік желіге тәуелділігі қоғамды алаңдатып отыр. Бұл тақырыпқа қатысты журналист сұрағына Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, бұл – тек Қазақстанға ғана тән емес, жаһандық деңгейдегі күрделі мәселе. Әлеуметтік желінің балалардың дамуына әсері заңмен ғана емес, отбасы деңгейінде де жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
«Жалпы оқушыларды әлеуметтік желіден шектеген дұрыс па?» деген журналистің сұрағына депутат Ермұрат Бәпи былай деп жауап берді:
«Ол енді үлкен қоғамдық проблема ғой. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде қиын тенденция бар. Сондықтан бұл мәселені әлі де бір реттеу қажет. Оны шектеу ме? Жоқ, әлдебір заң тұрғысынан реттеу ме? Ен бастысы бұл шектеуді әрбір отбасы алуы керек. Қоғамның әр мүшесі оған өте үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі оның өсіп келе жатқан ұрпағы әлеуметтік желіге, телефонға жабысып, оқу, тоқу, даму дәрежесі тоқтап қалса, ол жақсы жағдай болмайды», — деді Ермұрат Бәпи.
Депутат баланың болашағына қатысты мәселені тек мемлекеттік деңгейде емес, әр отбасының ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
Еске сала кетсек, қоғамда болып жатқан оқиғалар жайлы Ермұрат Бәпи алып қашу дегенге тек салт-дәстүр аясында емес, адам құқығы тұрғысынан қарау қажет екенін айтқан еді. Ол қазақта қыз алып қашудың болғанын айтып, өркениетті қоғам болу үшін мәжбүрлеп күш көрсетуден аулақ болуымыз керек екенін атап өтті. Ал депутат Мұрат Әбенов қыз алып қашып, зорлық көрсеткендерді 15 жылға соттауды ұсынды.