Автокөлік иелеріне ескерту: 2026 жылдан бастап сақтандыру тәртібі өзгереді

Qaz365.kz редакциясы

Өзгерістер көлігін алғаш рет сақтандыратындарға да, бұрыннан көлік тізгіндеп жүргендерге де қатысты

ашық дереккөзден

Қазақстанда 2026 жылдан бастап міндетті автосақтандыру тәртібі жаңарады. Бұл өзгерістер алғаш рет сақтандыру полисін рәсімдейтіндерге де, бұрыннан көлік тізгіндеп жүрген барлық автокөлік иелеріне де қатысты. Бұл жөнінде Fingramota.kz жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Базалық тариф ұлғаяды
2026 жылы көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың бастапқы бағасы шамамен 8 217 теңге болады. Тарифтің өсуі 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің 4 325 теңге деңгейінде белгіленуімен байланысты.

Дегенмен бұл – бастапқы сома ғана. Полистің түпкілікті құны арнайы түзету коэффициенттері арқылы есептеледі. Оған көліктің тіркелген өңірі, жүргізушінің жасы мен тәжірибесі, көлік түрі, сондай-ақ бұрын болған жол-көлік оқиғалары ескеріледі.

Өңірлерге қарай айырмашылық болады
2026 жылдан бастап өңірлік коэффициенттер жол апатының жиілігіне қарай қайта қаралады. Апат жиі болатын аймақтарда сақтандыру құны өссе, кейбір өңірде өзгеріссіз қалуы мүмкін. Осылайша бірдей базалық тарифке қарамастан, полис бағасы өңірге байланысты әртүрлі болады.

Жаңа жүргізушілерге қолдау көрсетіледі
Жүйедегі маңызды жаңалықтардың бірі – автосақтандыруды алғаш рет рәсімдейтіндерге қатысты. 2026 жылдан бастап жаңа жүргізушілер үшін тарифтер төмендетіледі. Бұл шешім жас жүргізушілерге түсетін қаржылық салмақты азайтып, сақтандыруды барынша қолжетімді етуге бағытталған.

Полис рәсімдегенде нені тексеру қажет?
Мамандар сақтандыру компаниясының лицензиясы бар-жоғын анықтауға, шарттағы төлем талаптары мен лимиттерін мұқият оқуға кеңес береді. Сондай-ақ бонус-малус коэффициентінің қалай есептелгенін және жол апаты кезінде қандай құжаттар қажет болатынын алдын ала білген жөн. Қате немесе толық емес мәлімет беру сақтандыру төлемінен айырылуға әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, міндетті автосақтандыру – жай талап емес, жол-көлік оқиғасы кезінде үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті жабатын маңызды қаржылық қорғаныс құралы.