Айыртау әкімдігі 2026 жылдың екінші жартысында іргелі жөндеу жұмыстары басталатынын мәлімдеді
Qaz365.kz редакциясы Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылының №44 көпқабатты үйіндегі жағдайды бақылап, тұрғындармен тікелей хабарласып отыр. Бұған дейін редакция 60 пәтері бар, жетімдер мен көп балалы аналар тұратын көк басқан, сыз көпқабатты үй жайлы жазған еді. Тұрғындар 9 жылдай бірде бір жөндеу жұмыстары жасалмағанын, қабырғалардың бетондары құлап, үйдің ішін суық алып, балаларымен бірге тоңып отырғандарын айтқан еді.
Qaz365.kz редакциясы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне және Айыртау ауданының әкімдігіне арнайы сұрау салып, осы жағдай жайлы анықтап көрді.
Бұл үйде көпбалалы аналар да, жетімдер де тұрады. Солардың бірінің бес баласы бар, екеуі «Балалар миының церебральды сал ауруы» (ДЦП) диагнозымен есепте тұр. Анасының өзі де балалар үйінде өскен. Тағдырдың тауқыметін көрген тұрғындар: «үйді әбден көк басып кеткен соң, қанша рет жөндеужұмыстарын жасасақ та, далаға кетіп жатыр» деген еді. Жөндеу жұмыстарын жасаймын деп қарызға батқан тұрғындар да бар.
Бізге хабарласқан тағв бір тұрғын үйлеріндегі шатырдан су ағып, көк басып, терезелерге мұз қатқанын, жылудың мардымсыз екенін айтқан еді.
Qaz365.kz редакциясының сауалына Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жауап берді.
Жауапта көпқабатты үй 2014 жылы тұрғын үй ретінде қайта жаңартылып, пайдалануға берілгені жазылған. 2017 жылғы 27 қазандағы №350 қаулыға сәйкес, үй аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі (ЖКХ бөлімі) балансында тұр. Үйде 60 пәтер бар, онда 187 адам тұрады. 14 пәтер жеке меншікке берілген, қалған 46 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына жатады. Облыстық әкімдік хатында атап өткендей, «үйдің жалпы мүлкін капитальды жөндеу 2017 жылдан бері жүргізілмеген». Қазіргі уақытта ЖКХ бөлімі үйді техникалық тексеруден өткізіп, ақаулық актісін жасап жатыр. Сол актіге сәйкес шатыр мен фасадты жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Бюджет бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілгеннен кейін жұмыстар 2026 жылдың екінші жартысында басталмақ.
Сондай-ақ облыс әкімдігі «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі бойынша, тұрғындардан облыс әкімдігіне тұрғын үй жағдайына қатысты өтініш түспегенін айтты. Дегенмен, аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, тұрғындар шатырдың жағдайына байланысты ЖКХ бөліміне шағым жасаған.
«Қазіргі уақытта ЖКХ бөлімі үйді техникалық тексеруден өткізіп, ақаулары бойынша актісін жасап жатыр. Сол актіге сүйене отырып, шатыр мен фасадты жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Бюджет бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткеннен кейін жөндеу жұмыстары 2026 жылдың екінші жартысында басталмақ. Үйді басқару, күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары толықтай аудандық ЖКХ бөліміне жүктелген. Сонымен қатар, жалға алушылар пәтерді техникалық тұрғыдан дұрыс және санитарлық талаптарға сай ұстауы, ағымдағы жөндеуді орындауы тиіс», — деп жауап берді Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі.
Qaz365.kz редакциясы Айыртау ауданына да арнайы сауал жолдаған болатын. Аудан әкімдігі де 2017 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтты. Әкімдік жалпы күтіп ұстау тұрғындардың мойнында, ал іргелі жөндеу жұмыстары ЖХК-ның мойнында екенін айтты.
«ЖКХ бөлімі мен тұрғындар арасындағы жалдау келісіміне сәйкес, пәтер иелері өз үйлерін техникалық тұрғыдан дұрыс және санитарлық талаптарға сай ұстауға, ағымдағы жөндеуді жүргізуге міндетті. Ал үйдің жалпы мүлкін капитальды жөндеу ЖКХ бөліміне жүктелген», — деп мәлімдеді Аудан әкімдігі.
Қыстың ортасында әкімдік жылу фасадты жылу оқшаулауды және шатырдың су төгетін жүйесін ауыстыру жайлы құжаттарды дайындап жатқандарын айтты.
«Тұрғындардың шатырдың ақауы мен ылғал мәселесіне қатысты өтініштері аудан әкімдігі бақылауына алынды. Қазіргі уақытта ЖКХ бөлімі шатырдың су төгетін жүйесін және фасадты жылу оқшаулау материалдарын ауыстыруға арналған жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатыр. Бюджет бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткеннен кейін жөндеу жұмыстары 2026 жылдың екінші жартысында басталмақ», — деді Айыртау ауданының әкімдігі.
Айыртау ауданының әкімдігі бөлмелердегі жылудың қалыпты екенін айтты.
«Аудан әкімдігі ЖКХ бөлімі мен жылу жабдықтау ұйымының үйлерді бір пәтерден тексергенін хабарлады. Тексеру нәтижесінде пәтерлердегі температура санитарлық нормаларға сай екені анықталған. Үйді жылумен қамтамасыз ететін орталық қазандық қалыпты режимде жұмыс істейді, жылу жеткізілуінде ақаулар анықталған жоқ, су беру және қайтару температурасы — 62/52 °С», — деді Айыртау ауданының әкімдігі.
Осы мақала жарияланар сәтте тілшілеріміз тұрғындарға хабарласты. Тұрғындар үйдің салқын екенін айтты. Айтуларынша қазан біресе бұзылды деп, біресе істеді деп үйдегі жылу әртүрлі болып тұр. Тұрғын суық болып тұрғанда келіп тексеруін өтінген. Алайда e-Otinish арқылы жазған соң келетіндерін айтқан. Дәл тексеріс келген күні үйдің батареялары жылы болып тұрған.
Еске сала кетсек, Qaz365.kz редакциясы Солтүстік Қазақстандағы осы көпқабатты үйде тұрып жатқан көпбалалы аналарға, жас баласы бар аналарға хабарласып істің мән-жайын анықтаған еді. Олардың жанайқайы жайлы материалымыздан оқыңыз.