Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша кезекте тұрған азаматтардың мәліметтері қайта қаралып жатыр. Бұл туралы Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған 642 мың азаматтың 244 мыңы инвентаризациядан өткен. Тексеру қорытындысы бойынша 55 мыңнан астам адам кезектен шығарылған. Бұған олардың атына жеке меншік пәтер тіркелгені немесе жұбайымен ортақ меншікте тұрғын үйі бары анықталғаны себеп болған.
Сонымен бірге банк басшысы тұрғын үйдің үлесі бар азаматтар кезекте қала алатынын нақтылады.
«Егер адамның баспанада тек үлесі ғана болса, мысалы, мұрагерлікпен қалған 1/7, 1/3 немесе жарты үлес, ол тұрғын үй кезегінде қала береді. Көп жағдайда азаматтар мұндай үлестің бар екенін өздері де білмеген», – деді Ләззат Ибрагимова.
Отбасы банк өкілдерінің хабарлауынша, деректерді нақтылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл шара тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтап, кезектің әділ әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған.