Алматылықтар 2025 жылы еріксіз 26 қорап темекі шеккенмен тең лас ауа жұтқан

Qaz365.kz редакциясы

Жылына 26 қорап темекі: 2025 жылғы Алматының ауасы қандай болды?

Фото: Almaty Air Initiative қоры

Almaty Air Initiative (AAI) қоры Алматы қаласындағы ауа сапасына қатысты жылдық аналитикалық есебін ұсынды. Зерттеу нәтижелері мегаполистегі экологиялық ахуалдың қолайсыз екенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мониторинг деректеріне сәйкес, 2025 жылы Алматының тұрғыны қаланың ауасымен бірге еріксіз түрде 518 тал темекі шеккенмен тең зиянды ауаны жұтқан. Бұл — шамамен 26 қорап темекіге пара-пар. Жыл бойындағы есепке сүйенсек, Алматы ауасындағы ең қауіпті ұсақ шаң бөлшектерінің (PM2.5) орташа мөлшері 31,2 мкг/м³ болды. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған шектен 6 есе жоғары. 2024 жылмен салыстырғанда ауа сапасы шамамен 30 пайызға нашарлаған, бұған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар әсер еткен.

Қаланы басқан түтін – түрлі ластаушы заттардың қоспасы. PM2.5 және PM10 бөлшектерінен бөлек, ауада азот диоксиді (NO₂), күкірт диоксиді (SO₂), көміртек тотығы (CO), озон (O₃) және басқа да зиянды қосылыстар бар. Зерттеу барысында Қор PM2.5 бөлшектеріне ерекше назар аударған. Өйткені бұл көрсеткіш ауа ластануының ең қауіпті әрі ең дәл индикаторы саналады. Зерттеу нәтижесі бойынша, жылдың 60 пайызынан астам күнінде алматылықтар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін ауамен тыныстаған. «Таза» күндердің саны жылына 148 күнге дейін қысқарған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16 күнге аз. Өткен жылы PM2.5 деңгейі ұлттық деңгейде белгіленген рұқсат етілген шекті мөлшерге (ШРК) 124 күн бойы сәйкес келмеген. Ең күрделі жағдай қыс айларында тіркелген.

Желтоқсан айында PM2.5-тің орташа деңгейі 62,4 мкг/м³-ке жеткен. Ал 7 желтоқсанда жыл ішіндегі ең лас күн тіркеліп, көрсеткіш 145 мкг/м³ болған. Бұл Қазақстанда рұқсат етілген нормадан 4 есе, ал ДДСҰ белгілеген жылдық шектен шамамен 10 есе жоғары.

Ластану деңгейінің күрт өсуі жылыту маусымының басталуымен тікелей байланысты. Қазан айында жылу жүйесі қосылғаннан кейін PM2.5 концентрациясы қаланың барлық ауданында, әсіресе жеке сектор орналасқан аумақтарда, айтарлықтай артқан. Қор сарапшылары экологиялық теңсіздікті де атап өтеді: қаланың төменгі бөлігінде тұратын тұрғындар тауға жақын аудандарда өмір сүретіндерге қарағанда әлдеқайда лас ауамен тыныстайды.

Аудандар бойынша қауіп деңгейі (PM2.5-тің орташа жылдық концентрациясы)

  • Түрксіб ауданы – 46,8 мкг/м³
  • Жетісу ауданы – 37,9 мкг/м³
  • Алатау ауданы – 37,7 мкг/м³
  • Алмалы ауданы – 30,9 мкг/м³
  • Наурызбай ауданы – 27,1 мкг/м³
  • Әуезов және Медеу аудандары – 25,8 мкг/м³
  • Бостандық ауданы – 22,1 мкг/м³

Түрксіб ауданы ең ластанған аймақ ретінде тіркелді. Мұндағы PM2.5 деңгейі Бостандық ауданымен салыстырғанда екі еседен де жоғары. Қаланың солтүстік және солтүстік-батыс бөліктеріне түсетін экологиялық салмақ ерекше ауыр. Бұған көмірмен жылыту, өнеркәсіп нысандары, көлік қозғалысы және жер бедерінің ерекшелігі қатар әсер етіп отыр.

Қор мамандары ауа ластануын «темекі баламасына» айналдырып есептеген. 2025 жылы Алматының орташа тұрғыны 518 тал темекіге тең уытты сіңірген. Ал ең ластанған аудандарда бұл көрсеткіш 700–800 темекіге дейін жетуі мүмкін.

Зерттеуде тіпті әдетте «таза маусым» саналатын жаз айларында да 2025 жылы ауа сапасы бойынша шекті мөлшерден асу тіркелгені айтылған. Бұған қуаңшылық, шаң-тозаңның көп болуы және желдің әлсіздігі себеп болған.

«Жылыту маусымы басталғалы бері Алматы картасында «таза» аймақтар іс жүзінде қалмады. Тығыз көрсеткіштер желісі арқылы бұған дейін бақылаудан тыс қалған деректер анық көрінді. Бұл қысқы ластау көздерінің үлесі елеулі түрде бағаланбай келгенін көрсетеді. Көмір жағып, тұрмыстық қалдықтарды өртейтін жеке үйлер бойынша толық түгендеу қажет. Әрбір көздің нақты үлесі анықталмайынша, қала ауасының сапасын тиімді басқару мүмкін емес. Бұл мәселені әкімдікпен бірлесіп жан-жақты талқылап, кейін көмір қолдану мен қоқыс жағуды шектеуге бағытталған нақты шаралар қабылдау қажет. Жеке секторға қатысты жүйелі шешім болмайынша, жылу электр орталықтары жаңғыртылғанның өзінде қысқы түтін Алматы үшін қалыпты құбылыс болып қала береді», – деді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова.