Қазақстанда 18 жасқа толған азаматтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы жиналған қаржыны бірден пайдалана алады. Бұл жөнінде Отбасы банк мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Банк мәліметінше, бағдарламаның үш жылы ішінде әр қатысушының шотында инвестициялық табысты қоса алғанда 370,56 доллар жинақталған. Бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім ақысын төлеуге бағыттауға болады. Өтінімдер Отбасы банктің онлайн платформасында қабылданады.
Алайда көптеген жас қазақстандық бұл мүмкіндікті әлі пайдаланбаған. Қаражат қазір БЖЗҚ-дағы жеке шоттарда сақтаулы, бірақ оған пайыз есептелмейді. Егер 10 жыл ішінде қолданылмаса, ақша автоматты түрде азаматтың зейнетақы шотына аударылады.
Білім бағыты бойынша жастар көбіне Қазақстандағы оқу ақысын өтеуге, Aqyl білім депозитін толықтыруға немесе оқу несиесінің бір бөлігін жабуға жұмсап жатыр. Ал оқу төлемі қажет болмаса, қаражатты Отбасы банктегі депозитке аударуға болады. Мұндай жағдайда жинаққа банктің 2% сыйақысы және мемлекеттен 20% премия (200 АЕК-ке дейін) қосылып, жылдық тиімді мөлшерлеме 14%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл депозит кейін 3,5–8,5% мөлшерлемемен баспана алуға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде 18 жасқа толғандар осы тетікті белсенді қолданып келеді: банк 112 818 өтінімнің өңделгенін мәлімдеді. Сонымен қатар қаражатты ипотекадағы бастапқы жарнаға қосуға немесе тұрғын үйді толық өтеуге де пайдалануға болады.
Қаражаттың түскенін eGov mobile қосымшасынан, кейбір екінші деңгейлі банктердің сервистерінен және БЖЗҚ ресми сайтынан тексеруге болады.