Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желілерде белгілі тұлғалардың атынан таралып жатқан арандатушылық үндеулерге байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, елімізде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқан маңызды тарихи кезеңде кейбір әлеуметтік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге барып отыр. Атап айтқанда, Мұхтар Шаханов, Шавкат Рахмонов және өзге де танымал тұлғалардың атынан жалған аккаунттар ашылып, тіл, жер сату мәселелері бойынша негізсіз әрі арандатушылық ақпарат таратылуда.
Сонымен қатар, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таралып, Конституцияның жекелеген баптары әдейі бұрмаланып түсіндіріліп жатқан фактілер де кездеседі.
Аида Балаеваның мәлімдеуінше, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуыл жасалғаны туралы ақпараттар да тіркелген. Қазіргі уақытта уәкілетті орган бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатыр.
Вице-премьер азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды. Оның айтуынша, жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.