Ұлынан айырылған петропавлдық әке халықтан жиналған 96 млн теңгені өзге балаларға үлестіріп берді

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Еміне ел болып қаржы жиналған қазақстандық бала Әлтайырдың отбасы пайдаланылмай қалған қаражатты өзге науқас балаларға бағыттады. Қайғылы оқиғадан кейін жеті күн өткен соң баланың әкесі Данияр бейнеүндеу жариялап, халықтың көрсеткен қолдауына алғыс айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның сөзінше, Әлтайырдың еміне жиналған қаражаттың жұмсалмай қалған бөлігі 96 миллион теңгені құраған. Аталған сома қазіргі таңда емге мұқтаж, қаржы жинап жатқан басқа балаларға үлестірілген.

«Ұлымыздан айырылғанымызға жеті күн өтті. Емге жиналған қаражаттың ішінен 96 миллион теңге қалды. Сол қаржыны көмекке зәру балаларға бөліп беруді жөн көрдік», – деді ол.

Даниярдың мәліметінше, қаражат мынадай тәртіппен таратылған:
Аяна Нұртаеваға45 млн теңге;
Алмаз Түсіпбекке25 млн теңге;
– қалған бөлігі Дарья есімді қызға берілген.

Сөз соңында ол отбасы атынан қолдау білдірген барша қазақстандықтарға ризашылығын жеткізіп, ауыр кезеңде көрсетілген қаржылай әрі моральдық демеудің зор маңызға ие болғанын атап өтті.