Қазақстанда балаларға қарсы күн сайын бес қылмыс тіркеледі – Динара Закиева

Qaz365.kz редакциясы
Instagram/zakiyevadinara

Қазақстанда күн сайын балаларға қатысты бес қылмыс фактісі тіркеледі, оның 60–70 пайызы жақын адамдардың, соның ішінде ата-аналар мен бірге тұратын тұлғалардың қатысуымен жасалады. Бұл туралы ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Омбудсменнің сөзінше, қылмыстардың басым бөлігі отбасында жасалатындықтан, олардың алдын алу мен дер кезінде анықтау қиынға соғады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен профилактиканы күшейтуге бағытталған бірқатар тетік енгізіліп, әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылған.

Алдын алу шаралары аясында өткен жылы 29 мың ата-ана жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 1126 ата-ана ата-ана құқығынан айырылып, 661 адамның құқығы шектелген. Қабылданған шаралар нәтижесінде балаларға қарсы аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны азайған: 99-бап бойынша – 10%, 106-баптың 3-бөлігі бойынша – 54%.

Сонымен қатар былтыр балалар арасындағы қылмыстар саны 30 пайызға өскені айтылды. Олардың 70 пайызы қаржылық сипатта, 20 пайызы жеке тұлғаға қарсы жасалған. Динара Закиеваның айтуынша, мұндай қылмыстардың едәуір бөлігі буллингтен басталады, сондықтан мектептерде «ДосболLIKE» және «Адал азамат» бағдарламалары енгізілген.

2025 жылы елде бала құқықтарының бұзылуына қатысты 171 дерек тіркелген. Ал «111» сенім телефонына 124 600 қоңырау түскен. Бұған қоса, ЮНИСЕФ жүргізген зерттеу бала құқықтарының ресми деректерден де жиі бұзылатынын көрсеткен.

Омбудсмен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында алдын алу тетіктерін жетілдіру, мамандарды оқыту, қолдау көрсету және қызмет стандарттарын енгізу көзделгенін атап өтті. Бұл бағытта қамқоршы мамандар мен психологтардың жалақысын арттыру да жоспарланып отыр.