Биылғы жылдың жоспары
2026 жылы мемлекет атаулы әлеуметтік көмек үшін (АӘК) 62,7 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қиын жағдайға тап болған отбасыларға берілетін қаражат. 2026 жылғы 1 ақпандағы мәліметке зер салсақ, атаулы әлеуметтік көмек 25,8 мың отбасының құрамындағы 138,1 мың адамға тағайындалып, жалпы төлем көлемі 2,3 млрд теңге болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Атаулы әлеуметтік көмек — табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға берілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау. Оның негізгі мақсаты — отбасыларды қаржылай қолдау арқылы қиын жағдайдан шығару және еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға сеп болу.
Атаулы әлеуметтік көмек бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, табысы төмен азаматтарға әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Сонымен қатар, табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлем қарастырылған. 2026 жылғы 1 ақпанда бұл төлем 42,4 мың мектеп жасына дейінгі балаға тағайындалып, жалпы құны 270,4 млн теңге болған.
Бұдан бөлек, АӘК аясында жұмыспен қамтуға жәрдем көрсету шаралары жүзеге асырылады. Атап айтқанда, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру, өз кәсібін ашуға ниетті отбасыларға қайтарымсыз грант беру, қажет болған жағдайда қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарына жолдау көзделген.
Қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ауылдық округ әкімдігіне немесе электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы өтініш бере алады.