Солтүстік Қазақстанда өзге ұлт өкілдері қазақ тілін оқытатын курстарды іздей бастады

Qaz365.kz редакциясы

Бірақ тіл үйрететін жерді табу оларға оңайға түсіп жатқан жоқ

Коллаж: Qaz365.kz

Еліміздің солтүстігінде өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйрететін курстар іздей бастады. Мәселен, Петропавл тұрғыны әлеуметтік желіде қазақ тілін оқытатын жер іздеп жүрген видеосын бөлісті. Ол тіл үйрететін жерді бірден таппай, біраз сабылған көрінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Қазіргі таңда Қазақстанда қазақ тілін үйрену өзекті болып отыр. Әйеліммен Петропавлда тіл үйрететін курстарды іздеп көрдік. Egov сайтында көрсетілген бірінші мекенжайға бардық. Мекеме қызметкерімен сөйлесіп, сайттағы ақпараттың ескіргенін білдік. Олар әкімдіктің ғимаратына көшіпті. Сайтта көрсетілген екінші жерге барғанымызда да, бізді басқа жаққа жіберді”, – дейді ол видеода.

Ол тіл үйрететін орталықты үшінші мекенжайдан ғана тапқан. Ал біз сұхбаттасқан Тимур есімді алматылық қазақ тілін үйрететін жерді қаладан мүлдем таппаған.

Оның айтуынша, Egov сайтында көрсетілген мекенжайларда қазақ тілін үйрететін курстар жоқ.

“Кішкентай кезімде Таразға келдім. Бұл жерде аталарым тұрады. Сол жерде атам орысша сөйлеуіме тыйым салды. Қазақшаны солай үйрендім. Биыл Қазақстанға оралдым. Менде қандас мәртебесі бар. Қазақстанда қандастарға қазақ тілін тегін үйрететін орталықтар бар. Бірақ Egov-тегі ақпараттың бәрі ескірген. Орталықтар Egov-те көрсетілген мекенжайларда жұмыс істемейді, телефон көтермейді. Қазақ тілін үйрену үшін достарыммен қазақша сөйлесемін. Метродағы жазуларды сөздікпен аударамын”, – деп бөлісті Тимур.