«Енді полиция істі жаба алмайды»: Сталкинг деген не? Дәлел ретінде нені ұсынуға болады?

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстанда сталкинг қылмыс деп танылды: енді полиция істі жаба алмайды

Коллаж: Qaz365.kz

Қазақстанда бұрын жеке бап ретінде қарастырылмаған сталкинг енді қылмыстық жауапкершілік ретінде енгізілді. Бұл – тәуелсіз ел тарихында алғаш рет біреу  заңсыз аңдыған соң, үреймен күн кешкен азаматтарға нақты құқықтық қорғау беріліп отыр деген сөз. 

Qaz365.kz редакциясына берген сұхбатында заңгер-әлеуметтанушы Халида Әжіғұлова бұл өзгеріс, әсіресе, гендерлік сипаттағы қысымға жиі ұшырайтын әйелдер үшін маңызды қадам екенін айтты.

Сталкинг деген не?

Құқық саласының маманының айтуынша, сталкинг деген жай ғана мазалау емес, үнемі саналы түрде өзге бір адамды қорқытып, аңду.

«Ең басты өзгеріс – Қазақстан тарихында алғаш рет сталкинг құрбандарына құқықтық қорғануға арнайы бап берілді. Сталкинг деген не? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – адамды қасақана қорқытып-үркіту, үнемі мазалау, үрей мен тұрақты қорқыныш ұялатып, аңду. Мысалы: «Мен сені өлтіремін», «зорлаймын», «пышақтаймын» деген сияқты нақты қоқан-лоқы жасаған сөздер», — деді Халида Әжіғұлова.

Халида Әжіғұлова бұған дейін Қылмыстық кодексте «қорқыту» бабы болғанымен, оны дәлелдеу оңай болмағанын да айтты. Яғни, жәбірленуші күдіктінің нақты әрекетке дайындалып жатқанын дәлелдеуі керек болған. Ал мессенджердегі хабарламалар мен ауызша айтылған қоқан-лоқы көп жағдайда іс қозғауға жеткіліксіз деп танылған.

«Бұған дейін Қылмыстық кодексте «қорқыту» бабы болғанымен, оны дәлелдеу өте қиын еді. Жәбірленуші қоқан-лоқының шынайы жүзеге асатынын дәлелдеуі керек болатын. Яғни, күдіктінің қару сатып алғанын, қолында суық не атыс қаруы барын, нақты әрекетке көшкелі жүргенін көрсету талап етілетін. Ал мессенджердегі жазбалар немесе ауызша айтылған «өлтіремін», «пышақтап кетемін» деген сөздер көбіне қылмыстық іс қозғауға жеткілікті негіз ретінде қабылданбайтын», — деді Халида Әжіғұлова.

Оның сөзінше, өркениетті елдердің тәжірибесінде мұндай қоқан-лоқының өзі құқық бұзушылық. 

«Ешкімнің басқа адамды үнемі үреймен өмір сүруге мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Жәбірленуші «бұл бос сөз бе, әлде шынайы қауіп пе?» деп қорқынышпен күн кешпеуі тиіс», — деді Халида Әжіғұлова.

Қандай әрекеттер сталкингке жатады?

Сталкингті қылмыстық жауапкершілікке енгізу арқылы енді мұндай қудалауға ұшыраған адамдар полицияға арыз беруге толық құқылы. 

«Егер бірнеше рет қорқытса, қайталана берсе және адамның құқықтарына елеулі зиян келтірсе, бұл қылмыс ретінде қаралады. Мысалы, жәбірленуші психологтан немесе дәрігерден денсаулығының нашарлағанын растайтын анықтама алса, жұмысын, тұрғылықты мекенжайын, телефон нөмірін ауыстыруға мәжбүр болса, күнделікті жүретін бағытын өзгерткенін дәлелдей алса, мұның бәрі сталкингтің салдары ретінде есепке алынады», — деді маман.

Халида Әжіғұлова онлайн қысым жайлы да сөз қозғады. Онлайн мазалау да сталкинг белгілеріне жатады.

«Сталкингке тек физикалық қудалау емес, онлайн қысым да жатады. Үнемі мазалау, қорлау, қорқыту, жайсыздық туғызатын хабарламалар, бәрі де осы санатқа кіреді», — деді маман.

Ол әдейі психологиялық қысым түсіретін әрекеттерді де мысал ретінде айта кетті.

«Мысал ретінде бір жағдайды айтайын. Бір әйел хабарласты: бұрынғы күйеуі алимент төлеуі тиіс, бірақ ол күн сайын Kaspi арқылы 100 теңгеден аударып, аударымға жазылған хабарламада балағат сөздер жазады. Бұл да – сталкингтің бір түрі. Яғни, адам өз құқығын теріс пайдаланып, әдейі психологиялық зиян келтіреді. Сондай-ақ жәбірленушінің жүріс-тұрысын, тұрған жерін бақылауға тырысу, электрондық поштасын бұзу, телефондағы қосымшаларын, әлеуметтік желідегі парақшасын заңсыз ашып оқу – бұлардың барлығы да сталкинг белгілеріне жатады. Көбіне мұндай әрекеттер бірнеше құқық бұзушылықтан тұрады, бірақ барлығының түпкі мақсаты – адамды заңсыз аңду, қорқыту», — деді Халида Әжіғұлова.

«Полиция енді істі жаба алмайды»

Жаңа заңның ең маңызды тұсы — полицияның міндеті. Бұрын құқық қорғау органдары «қылмыс құрамы жоқ» деп арызды тіркемей тастай алатын. Енді мұндай мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ жәбірленушілер қорғау үшін аңдыған адамға «тыйым салуды» талап ете алады.

«Қазір сталкинг үшін жеке жауапкершілік қарастырылған. Ең маңыздысы – полицияның енді мұндай арызды қараусыз қалдыруға құқығы жоқ. Бұрын «құрамы жоқ» деп істі жауып тастаған жағдайлар жиі кездесетін. Енді құқық қорғау органдары міндетті түрде қылмыстық іс қозғауы тиіс. Сонымен қатар жәбірленушілер, әсіресе, бұрынғы күйеуі, серіктесі немесе танысы тарапынан қысым көрсе, қорғау нұсқамасын (тыйым салуды) талап етуге құқылы», — деді маман.

Ал егер арыз қабылданбаса, жоғары органдарға шағымдану қажет.

«Егер полиция арызды қабылдамаса немесе әрекет етпесе, прокуратураға немесе Ішкі істер министрлігіне шағымдану қажет. ІІМ-де әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлім бар, олар істі бақылауға алуға міндетті», — деді Халида Әжіғұлова.

Қандай дәлелдер қажет?

Сарапшының айтуынша, бұл істе дәлелдің орны бөлек.

«Дәлел ретінде, ең алдымен, хат-хабарлардың скриншоттары, денсаулықтың нашарлағаны туралы психологтың қорытындысы, бейнебақылау жазбалары, куәгерлердің айғақтары ұсынылады», — деді Халида Әжіғұлова.

Оның сөзінше, аңдып жүргені кездейсоқ жағдай емес, әдейі әрі қайталанып жасалған әрекет екенін дәлелдеу өте маңызды.

«Яғни, бұл жай ғана сәйкестік емес, адамның құқығына елеулі зиян келтіруді көздеген заңсыз, мақсатты аңду екенін растайтын кез келген айғақтар есепке алынады», — деді Халида Әжіғұлова.

Қандай жаза қарастырылған?

Егер адамның сталкинг жасағаны дәлелденсе, оған мынадай жазалар тағайындалуы мүмкін:

  • Айыппұл — 200 айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • Қоғамдық немесе түзеу жұмыстары — 200 сағатқа дейін;
  • Қамау — 50 тәулікке дейін.

Айта кетейік, 2025 жылғы 16 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске 115-1 — «Сталкинг» деген жаңа бап енгізілді.