Әйеліне бүйрегін берген бірде бір ер адамды кездестірмедім — нефролог-резидент Арайлым Ілияс

Qaz365.kz редакциясы

Нефролог-резидент көбіне әйелдердің күйеуіне бүйрегін беруге дайын екені жайлы айтты

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Дәрігер-резидент, нефролог Арайлым Ілияс келетін науқастардың арасында көбіне әйел адамдардың күйеуіне бүйрегін беретінін айтты. Сондай-ақ ол өз қызметінде әлі күнге әйеліне бүйрегін берген бірде бір ер адамды кездестірмегенін және қоғамдағы көп ер адамдардың бала көтере алмаған әйелмен ажырасатынын да атап өтіп бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Нефролог-резидент Арайлым Ілиястың бейнежазбасын желі қолданушылары қызу талқылап жатыр. 

«Ер адамдардың бәрі ондай емес. Дегенмен көбіне бала көтере алмаған әйелдерімен ажырасып жататындар бар. Ал ер азаматтар гемодиализге түскенде, сараптама сәйкес келсе, әйелдері күйеуіне бүйрегін беріп жатады. Қазір сондай бір жұпқа МДГ дайындап жатырмын. Білесіздер ме? Бұл бір ғана жағдай емес. Мен әлі күнге дейін күйеуі әйеліне бүйрегін берген бірде-бір оқиғаны кездестірмедім. Егер ондай тәжірибе бар болса, айтыңыздаршы. Бәлкім сонда адамдардан үміт үзбеуге болатынына көзім жетер еді», — деді Арайлым Ілияс.

Фото: Арайлым Ілияс

Мәдениеттанушы, жазушы, журналист және қазақ мәдениеті мен мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай осы жазбаға пікір қалдырды. Ол өзінің марқұм жұбайы, күйші, жазушы, композитор, әдебиетші Таласбек Әсемқұловтың оған жүрегін беруге дайын болғанын айтты. 

«Дәрігер қызды қолдау үшін ғана айтқалы отырмын. Менің өмірден озған күйеуім композитор және жазушы Таласбек Әсемқұлов маған тек бүйрегін емес, жүрегін де беруге дайын болған еді. Менің жүрегім ауырғанда ол бір жоғары лауазымды адамға мені шетелде емдеуге жіберуді сұраған еді. Сонда ол сол лауазымды адамның өмір бойы әдеби қызметшісі болуға даяр еді. Ол әрдайым менің одан ұзақ өмір сүріп, бақытты болуым керек екенін айтып жүретін. Ол қайтыс болғаннан кейін менің диагнозымды дәрігерлер кенеттен алып тастады. Өмірінің соңғы шақтарында жасалған тексерісте оның тек жүрегін сау деп айтқан еді. Бірақ ол инфаркттан қайтыс болды», — деді Зира Наурызбай. 

Басқа да желі қолданушылары ер адамдардың жақсылық істегені естеліктерін баяндады. Кейбірі әйел адамдардың эмпатиясы жоғары екенін атап өтіп, сондықтан кейде өзгелер үшін басын бәйгеге тігетіні жайлы пікірлер жазды.