Осындай шешім қабылдауға мәжбүрміз: Смайылов жанар-жағармай бағасы жайында

Qaz365.kz редакциясы

Айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензинді ең жоғары деңгейде тұтынады

Telegram/ Ukimet

Үкімет басшысы жанар-жағармай бағасының көтерілу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Бұл оңай шешім емес. Бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Қазір мұнай өнімдерінің бағаларын қайта қарамасақ, онда жақын арада біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз.

Қазір біз баға айырмашылығын төмендетпесек, дизель отыны бойынша биыл біз 850 мың тонна тапшылыққа ұрынамыз. Біздің арзан отынымыз өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін осы көрші елдердегі бағалармен айырмашылықты төмендетуіміз керек”,
– деді Смайылов.

Айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензинді ең жоғары деңгейде тұтынады, жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Ал Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Сонымен бірге тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель бағасы 204 теңге болып қала береді.