Демалыс жұмыс беруші мен қызметкердің келісіміне байланысты шешіледі
Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді қоғам қызу талқылап жатыр. Соның бірі – еңбек демалысына қатысты баптағы «жыл сайын» деген сөздің түсіп қалуы. Бұған байланысты заңгер Сабира Сәлімова өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сабира Сәлімованың айтуынша, жұрт жаңа жоба мәтінінен «жыл сайын» деген сөздің алынып тасталғанына мән берген.
«Егер жаңа Конституция қабылданса, еңбек демалысына қатысты баптан «жыл сайын» деген сөз алынып тасталады. Қазіргі нормада әркімнің демалуға құқығы бар екені, еңбек шартымен жұмыс істейтіндерге жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндері, сондай-ақ ақылы жыл сайын еңбек демалысына заң бойынша кепіл берілетіні көрсетілген. Ал жаңа жобада «ақылы демалыс» деген тіркес қана қалады», – дейді заңгер.
Сабира Сәлімова бұдан кейін Еңбек кодексіндегі нормаларға назар аударды.
«Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес, қызметкерге бірінші және кейінгі жұмыс жылдары үшін ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі. Бірақ ол тараптардың келісімімен, жұмыс жылының кез келген уақытында ұсынылады. Яғни «жыл сайын» деп көрсетілгенімен, іс жүзінде демалыс жұмыс беруші мен қызметкердің келісіміне байланысты шешіледі», – дейді ол.
Заңгер жауапкершілік мәселесіне де тоқталды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 88-бабына сай, жұмыс беруші екі жыл қатарынан ақылы жыл сайын демалыс бермесе ғана жауапқа тартылады. Демек, егер бір жыл ішінде жұмыс беруші келісім бермесе, қызметкер демалыссыз қалуы мүмкін», – деді Сәлімова.
Оның пікірінше, Конституция – құқықтық жүйедегі ең жоғарғы құжат. Сондықтан ондағы әрбір сөздің маңызы зор.
«Жыл сайын деген сөздің алынып тасталуы қызметкерлердің құқығын әлсіретуі мүмкін. Өйткені Конституцияда нақты көрсетілмесе, жұмыс берушілер бір жыл жұмыс істеген қызметкерге ақылы демалыс бермеуі де мүмкін», – дейді заңгер.
Еңбек демалысы – әр азаматтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін құқық екені даусыз. Желі қолданушылары бұл мәселені қызу талқылап жатыр.