Қазақстанда жеке тұлғалар үшін электромобильдерді бажсыз әкелуге берілетін квота мерзімі аяқталды. Бұған дейін қазақстандықтар жылына бір рет Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) квотасы аясында электрокарларды ешқандай төлемсіз елге кіргізе алатын. Енді бұл жеңілдік ресми түрде жойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанға 10 000 көлікке, ал 2023-2025 жылдар аралығында жыл сайын 15 000 көлікке квота берілген болатын. Бұл шеңберде азаматтар кедендік алымдар мен салықтардан толық босатылған еді.
ЕЭК шешімімен жеңілдіктер жойылғаннан кейін, жеке тұлғаларға автокөлікті легализациялаудың үш нұсқасы ұсынылып отыр:
«Тек Қазақстан үшін» (Ішкі нарық): Ең арзан нұсқа. Бұл жерде 6 АЕК көлеміндегі алым мен 16% ҚҚС (НДС) төленеді. Бірақ қатаң шектеу бар. Мұндай көлікті ЕАЭО елдеріне (Ресей, Беларусь және т.б.) сатуға немесе шығаруға тыйым салынады.
«ЕАЭО шекарасыз»: Толық кедендік баж салығы (15%) және ҚҚС (16%) төленеді. Осыдан кейін көлік Одақ ішінде ешқандай шектеусіз жүруге және сатылуға құқылы болады.
«Жеңілдетілген тәртіп»: Жолаушылар декларациясы арқылы көлік құнының 31% көлемінде біріңғай төлем жасау.
Баж салығы енгізілгеніне қарамастан, «бір адамға жылына — бір көлік» ережесі өз күшінде қалады.
Сарапшылардың айтуынша, төлемдердің енгізілуіне қарамастан, эко-транспортқа деген қызығушылық төмендемейді. 2025 жыл жаһандық нарықта электромобильдер саудасы бойынша рекордтық жыл болды, ал Қазақстанда бұл үрдіс инфрақұрылымның дамуымен жалғаса бермек.