Солтүстік Қазақстан облысында 100-ден астам елді мекенді су басу қаупі бар

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 7 мың адам тұратын 112 елді мекенге су басу қаупі төнуі мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Әсет Шайкиннің айтуынша, Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері және олардың салалары тасуы ықтимал. Қазіргі есеп бойынша 38 елді мекен өзенге жақын орналасқан. Өзен деңгейі көтерілген жағдайда 12 елді мекенге тікелей қауіп төнуі мүмкін. Ал 62 елді мекен еріген қар суы ағатын аумақта орналасқан.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының болжамынша, ауа райы күрт жылынса, өзен-көлдердің деңгейі қауіпті межеге дейін көтерілуі ықтимал. Сонымен қатар ақпан және наурыз айларында қосымша қар түсуі мүмкін.

Аймақта су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныш бөгеттер салу, су өткізу құбырларын орнату, арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілген.

1 ақпанда «Қазгидромет» көктемгі су тасқынына қатысты алдын ала болжам жариялаған болатын. Қауіп жоғары өңірлер қатарына Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары енгізілген.

Еске салайық, 2024 жылдың көктемінде Қазақстанның бірнеше облысында елді мекендер су тасқынынан зардап шекті. Солтүстік Қазақстан облысы да солардың қатарында болды.